Қазақстанға шетелден жіберілген ақша аударымдарының көлемі жарты триллион теңгеден асты

505

ҚР Ұлттық Банкінің деректеріне сәйкес, 2022 жылдың 9 айында елімізге ақша аудару жүйелері арқылы 504,1 млрд тг жіберілген. Бұл былтырғымен салыстырғанда 77,8%-ға артық.     

Қазақстанға шетелден жіберілген ақша аударымдарының көлемі жарты триллион теңгеден асты Фото: egemen.kz

2022 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша елімізге жарты триллион теңгеден астам қаражат аударылған. Қазақстанға жіберілетін қаражаттың рекордтық көлемін Ресейден келетін долларлық түсімдер қамтамасыз еткен, деп жазады inbusiness.kz Бірінші кредиттік бюроға сілтеме жасап.

Ақша аударымдарының өсуі наурыз айында басталған. Жарты жылдан кейін де оның көлемі өткен жылдардағы көрсеткіштермен салыстырғанда айтарлықтай жоғары болып отыр.

Ақпаратқа сәйкес, оның басты себебіне Ресейден ақша аударымдарының көбеюі жатады. 2022 жылдың 9 айы бойынша елімізге көрші елден 263 млрд теңге ақша аударылған. Бұл былтырғыға қарағанда 6,2 есе көп. Әсіресе маусым айында көрсеткіштің өскені байқалды (66,9 млрд тг).

Республика бойынша ішкі аударымдардың өсуінде де өзгерістер байқалған. Осы жылдың II тоқсанында рубльдегі аударымдардың көлемі күрт өскен.  Бұл жағдайда аударымдардың орташа мөлшері бір транзакцияның орташа мөлшерінен бірнеше есе асып түскен көрінеді. Төлем жүйелерінің негізгі бенефициары ресейлік "Золотая корона" болды. Оның елімізге жіберілген аударымдардың жалпы көлеміндегі үлесі бір жылда 54,9%-дан 71,5%-ға дейін өскен.

Шетелге жөнелтілген ақша аударымдарының көлемі – 779,8 млрд тг. 2021 жылға қарағанда өсім бар, бірақ айтарлықтай емес (5,1%). Рубльге қарағанда теңге арқылы көп қаражат жіберілген. Бірақ бұл валюталар долларға әлі бәсекелес бола алмай тұр. Биыл Түркия, Тәжікстан, Корея, Грузия және Арменияға жіберілген ай сайынғы аударымдар көлемінің тарихи шегін жаңартса, Ресей мен Қырғызстанға жіберілген қаражат мөлшері азайған.

Қазақстаннан шетелге жіберілетін ақша аударымдарының басым бөлігі Өзбекстан (233,2 млрд тг) және Түркияға (189,2 млрд тг) тиесілі. Үштіктер қатарында Ресей (134,9 млрд тг) орналасқан. 9 ай қорытындысы бойынша Ресейге аударылған қаражат көлемі төртінші жыл қатарынан азайып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу