20 сәуір күні Қазақстанның Жезқазған маңында Ресей ғарышкерлері Алексей Овчинин мен Иван Вагнер және NASA астронавты Дональд Петтит мінген "Союз МС-26" пилотталған кемесінің қайту капсуласы сәтті қонды. Бұл туралы Роскосмос мәлім етті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Капсула Халықаралық ғарыш станциясынан (ХҒС) 20 сәуірге қараған түні, Астана уақытымен сағат 00:57-де ажырап, 03:27-де тежеу маневрі орындалды. Орбитадан шығу мен тежеу сәтінен кейін аппарат Жер атмосферасының тығыз қабатына еніп, парашютпен қонуға дайындалды.
Ғарыш кемесі Қазақстан даласына сәтті қонып, іздеу-құтқару тобының мамандары дер кезінде жетіп, ғарышкерлер мен астронавтты сыртқа шығарды.