ҚР Қорғаныс министрлігі Қазақстанға келіп жатқан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) мүше елдердің әскери техникаларына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Бұдан бұрын хабарланғандай, 2022 жылғы 26 қыркүйек пен 8 қазан аралығында Жамбыл, Алматы облыстарында ҰҚШҰ ұжымдық жедел ден қою күштерінің "Өзара іс-қимыл-2022", "Іздеу-2022", "Эшелон-2022" оқу-жаттығулары өтеді.
Осыған байланысты елімізге Ұйымға мүше мемлекеттердің әскери контингенттері келіп жатыр. Әскери техниканың қозғалысы теміржол, әуе көліктерімен және дөңгелекті техникамен жүзеге асырылуда.
Бұл тұрғыда азаматтарды әлеуметтік желілерде таралып жатқан түрлі қауесеттерге мән бермеуге, тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырамыз", – делінген министрлік хабарламасында.