Қазақстанда жыл басынан бері радикалды көзқарасты ұстанған 145 шетелдік азамат ұсталып, елден шығарылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жиында трансұлттық ұйымдасқан қылмыс, экстремизм және терроризмге қарсы күрес мәселелері талқыланды. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, қылмыстық топтар бүгінде бір ғана елмен шектелмей, бірнеше мемлекетте қатар әрекет етеді. Олар цифрлық технологияларды пайдаланып, жасырыну тәсілдерін де жиі өзгертіп отырады. Осыған байланысты елдер арасындағы жедел ақпарат алмасу мен тікелей байланысты күшейту өзекті болып отыр.
Қазақстан ІІМ халықаралық әріптестіктің арқасында бірқатар қылмысқа қатысы бар адамдардың ұсталғанын хабарлады. Қазақстан тарапының сұрауы бойынша Әзербайжан құқық қорғау органдары Бакуде діни радикалды ұстаған. Өзбекстанда терроризмді насихаттады және ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты деген күдікпен Қазақстан іздеу жариялаған азамат ұсталды. Ал Қырғызстанда әлеуметтік араздықты қоздырғаны үшін іздеуде жүрген адам қолға түскен.
Сонымен қатар Түркиялық әріптестердің көмегімен Ыстамбұлда Қазақстан азаматының өліміне қатысты қылмыс ашылған.
"Бүгінде қауіп-қатердің басым бөлігі бір елдің шекарасымен шектелмейді. Сондықтан құқық қорғау органдарының тікелей байланысы мен ақпаратты уақытылы алмасуы аса маңызды. Шетелге жасырынуға әрекеттенген адамдарды дер кезінде анықтап, ұстауға бірлескен жұмыс мүмкіндік береді", – деді Ішкі істер министрі Ержан Сәденов.
Қазақстан ТМҰ елдерінің тиісті құрылымдары арасында трансұлттық қылмыс, экстремизм және терроризмге қатысты жедел ақпарат алмасуды күшейтуді ұсынды.