Гуманитарлық жүк Ауғанстанның Балх провинциясындағы Хайратон теміржол станциясында ауған тарапына табысталды.
Жалпы салмағы 2,2 мың тоннаны құрайтын көмектің құрамында өсімдік майы, бидай ұны, күріш жармасы, қысқы және жазғы шатырлар, көрпелер бар. Сонымен қатар, қажетті дәрі-дәрмек түрлері әуе арқылы жеткізілетін болады.
Бұл көмек "KazAID" – Қазақстанның халықаралық даму агенттігі арқылы ұйымдастырылды.
Қазақстан Республикасының Ауғанстандағы уақытша сенімді өкілі Ғазиз Ақбасовтың айтуынша, Қазақстан ауған халқына қолдау көрсетуді жалғастырып келеді.
Сонымен бірге, екі ел арасындағы достық пен сауда-экономикалық қатынастарды нығайтуға ниетті. Қазақстан тек гуманитарлық көмекпен шектелмей, тау-кен өндірісі, көлік, логистика және ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастықты да кеңейтуге әзір.
21–23 сәуір аралығында Қазақстан вице-премьері, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бастаған делегация Кабулға ресми сапармен барады.
Сапар барысында Ауғанстанның ресми өкілдерімен кездесулер өткізіліп, қазақстандық өнімдердің көрмесі ұйымдастырылады.