ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі өсімдік майының экспортына қатысты түсініктеме беріп, сыртқы нарықтағы негізгі бағыттар мен өсім көрсеткіштерін жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, қазақстандық өсімдік майының басым бөлігі Қытайға (42,4%), Өзбекстанға (35,4%), Тәжікстанға (12,7%), Ауғанстанға (3,2%), Қырғызстанға (1,4%), сондай-ақ Латвия мен Түрікменстанға (1,8%) экспортталады. 2024–2025 маркетингтік жылы Ауғанстанға жөнелтілген май және тоң май өнімдерінің көлемі 32,7 мың тоннаға жетіп, өткен маусыммен салыстырғанда 69 пайызға артқан.
Бұған қоса, Шымкент қаласында өткен Қазақстан-Ауғанстан бизнес-форумы барысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғариннің қатысуымен ауған компаниялары мен "Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы" арасында жалпы құны 24 млн АҚШ долларын құрайтын ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылған.
Министрлік дерегіне сүйенсек, 2024 жылы өсімдік майының экспорты өткен жылмен салыстырғанда 30 пайызға ұлғайып, 451 мың тоннадан 582 мың тоннаға дейін өскен. Оның ішінде күнбағыс майының экспорты 30,7 пайызға (364 мың тоннадан 476 мың тоннаға дейін), ал рапс майы 38,5 пайызға (46,2 мың тоннадан 64 мың тоннаға дейін) артқан.