Биыл еліміз алтыншы жыл қатарынан "Тұңғыш Президент күнін" мерекелейді. Бізден басқа елдерде "Президент күні" мейрамы бар ма? Бұл туралы Today.kz хабарлайды.
Қазақстанда 2011 жылы бұл күнді "Тұңғыш Президент күні" деп атау туралы шешім шығарылған. Жыл сайын барлық мемлекеттік кәсіпорын бұл күні демалысқа шығып, Қазақстан халқы бұл мерекені тойлайды.
Өзге елдерде де "Президент күні" деп танылған атаулы күндер бар екен.
Америкалықтар жыл сайын ақпан айының үшінші аптасында "Президент күнін" мейрамдайды. Бұл мерекенің тарихы тым тереңде. АҚШ-тың тұңғыш президенті Джордж Вашингтон 22 ақпанда дүниеге келген екен. 1782 жылы ақпан айында Вирджиния штатындағы Ричмонд қаласында президент туған күнінде қоғамдық құттықтаулар алады. Кейіннен әр жылдың осы күнінде түрлі шаралар ұйымдастырып, әскери шеру өтетін болған. 1855 жылдан бастап бұл мереке бүкілхалықтық мереке деп танылды.
17 қараша күні Маршалл Аралдары Республикасында "Президент күні" мерекеленеді. Бұл күннің де таңдап алынуында үлкен мән бар. 1928 жылы 17 қараша күні Амата Кабуа – елдің тұңғыш президенті дүниеге келген.
Нидерландыда 27 сәуір күні ұлттың ең басты мерекесі тойланады. Бұл мереке – Патша күні. Дәл осы күнге негізделуіне себеп – Нидерландының жетінші патшасы Виллем-Александрдың дүниеге келген күні.