Қазақстаннан ЕО елдеріне баратын азаматтар үшін виза жеңілдейді

638

Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Брюссельге жұмыс сапары аясында Ішкі істер бойынша Еуропалық Комиссар Ильва Йоханссонмен кездесу өткізді.

Қазақстаннан ЕО елдеріне баратын азаматтар үшін виза жеңілдейді Фото: ҚР СІМ

Келіссөздер нәтижесі бойынша тараптар ҚР азаматтары үшін визалық режимді жеңілдету туралы ресми консультацияларды бастау жөнінде уағдаластыққа қол жеткізді.

М.Нұртілеу Ильва Йоханссонға Қазақстанның визалық саясаты, ҚР тарапынан ЕО үшін көші-қон тәуекелдерінің болмауы, Қазақстан Үкіметі заңсыз көші-қонға қарсы күрес бойынша қабылдап жатқан шаралар және осы бағыттағы жұмыстың басқа да маңызды аспектілері туралы егжей-тегжейлі хабардар етті.

Өз кезегінде И.Йоханссон Еуроодақ Қазақстанмен өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін және тараптардың азаматтары арасындағы байланыстарды кеңейтуге ұмтылатынын мәлімдеді. 

Еурокомиссардың пікірінше, Қазақстан мен ЕО арасындағы стратегиялық әріптестіктің маңызды көрсеткіштерінің бірі тұрақты мәдени-гуманитарлық алмасуды қолдау.

Сындарлы көзқарасы үшін еуропалық тарапқа шын жүректен алғыс білдіре отырып, ҚР СІМ басшысы визалық режимді жеңілдету қазақстандықтардың үмітіне жауап беріп қана қоймай, ҚР мен ЕО арасындағы ынтымақтастықтың барлық кешенін дамытуға елеулі серпін беретінін атап өтті.

2017 жылдан бастап Қазақстан ЕО-ның барлық мемлекеттерінің азаматтары үшін іскерлік ынтымақтастықты, туризмді және адами байланыстарды дамыту үшін біржақты тәртіппен визасыз режим енгізді.

Визалық режимді жеңілдету қажетті құжаттар тізімін қысқартуды, визалардың ұзақтығы мен жиілігін арттыруды және т.б. қамтиды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу