Атырау облысы Полиция департаменті “Мигрант” жедел-профилактикалық іс-шарасы мен “Іздестіру” акциясын өткізуде. Аталған іс-шаралар барысында Атырау қалалық Полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімі мен көші-қон қызметі бөлімінің қызметкерлері Қазақстан Республикасы аумағынан қоғамдық орында мас күйде жүргені үшін 5 жылға шеттетілген азаматты анықтады. Өзбекстан Республикасының 33 жастағы азаматының өз еліне барып, жеке басын растайтын құжаттарындағы ақпараттарды өзгертіп, Қазақстанға қайтып келгендігі белгілі болды.
Ал дәл осылай өз еліне барып, аты-жөнін өзгертіп, Қазақстан аумағына кері келген Әзірбайжан Республикасының 53 жастағы азаматы анықталды. Ол 2018 жылы сот шешімімен қылмыстық жауапкершілікке тартылып, ел аумағынан шығарылған. Төлқұжатын өзгерткен ер адам ақпан айында Атырауға келген.
"Аталған шетел азаматтары өз кінәсін толықтай мойындады. Қазіргі таңда ел шекарасына заңсыз кірген шетелдіктер сот шешімімен әкімшілік қамауға алынды. Іс-құжаттар жинақталып, заңды шешімін шығару үшін, яғни ел аумағынан шығару үшін сотқа жолданатын болады", – деді Атырау қалалық Полиция басқармасы көші-қон қызметі бөлімінің бастығы Қадырбек Әбішов.