Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, бұған шекараның жабылуы себеп болды.
"Шетел азаматтарының басым бөлігінің төлқұжаттарының, визаларының, Қазақстанда тұру, жұмыс істеу рұқсаттарының қолданылу мерзімі өтіп кетті", – деді Ерлан Тұрғымбаев.
Министрліктің мәліметінше, жыл сайын ел аумағына 6 млн-ға жуық шетел азаматы кіріп жүрді. 2020 жылы Қазақстанға 2 млн, ал жыл басынан бері 529 мың ғана шетел азаматы табан тіреді.
"Ішкі істер министрлігінің бастамасымен үкімет өтпелі кезең уақытын белгіледі. Осылайша 460 мың шетелдік Қазақстанда болуын заңдастырды", – деді Ерлан Тұрғымбаев.
Өтпелі кезеңде Қазақстанда уақытша жұмысқа тұруға – 394 405 шетел азаматы өтініш білдірді. 872 адам – оқуға, 148 адам – емделуге рұқсат алды. 6501 шетел азаматының визасы ұзартылды. 560 мың шетел азаматы отанына оралды. Оның ішінде Өзбекстанға – 260,5 мың, Ресейге – 139,0 мың, Қырғызстанға – 83,5 мың, Түркияға – 15 мың, ҚХР-ға – 4,1 мың адам кетті.
Қанат Махамбет