"Қазақстан Республикасының аумағынан мұнай өнімдерін әкетудің кейбір мәселелері туралы" Энергетика министрінің, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының, Қаржы министрінің, Ішкі істер министрінің бірлескен бұйрығының жобасы ашық НҚА порталында жарияланды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жоба мұнай өнімдерін Қазақстан Республикасының аумағынан, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге әкетуге алты ай мерзімге тыйым салуды көздейді.
Энергетика министрлігінің атап өтуінше, бүгінде елімізде АИ-92 "халықтық" автобензині мен дизель отынын тұтынудың тән емес өсуі байқалады. Мәселен, құқық қорғау органдарының ақпараты бойынша "бүркемеленген тауарлар" түріндегі жанар-жағармайдың "сұр" экспорты мен ағындарының ай сайынғы көлемі 10-нан 45 мың тоннаға дейін жетеді. Бұл баға айырмашылығымен байланысты – Қазақстанда жанар-жағармай бағасы көршілес елдерге қарағанда 17-166 пайызға төмен.
"Сонымен қатар, Мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу туралы келісім аясында Қазақстан Республикасы мұнай өнімдерін бажсыз жеткізу шарттарында импорттауға мәжбүр және тиісінше, Ресей тарапының ЕАЭО-дан тыс жерлерге жанар-жағармайдың кері экспортына тыйым салу жөніндегі талаптары ескеріледі. Осылайша, "бүркемеленген тауарлар" түріндегі мұнай өнімдерін, оның ішінде ЕАЭО-дан тыс жерлерге әкетуді бақылауды күшейту талап етіледі", – деп атап өтеді министрліктен.