17 ақпанында ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев Қазақстандағы Үндістанның төтенше және өкілетті елшісі Прабхат Кумардың еліміздегі миссиясының аяқталуына байланысты онлайн-форматта кездесуді өткізді, деп хабарлады inbusiness.kz тілшісі Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап.
"Тараптар Қазақстан мен Үндістан арасындағы екі жақты сауда-экономикалық ынтымақтастық бойынша пікір алмасты, сондай-ақ Қазақстандағы елшінің қызметі кезеңіндегі бірлескен жұмыстардың нәтижелерін талқылады. 2020 жылы Қазақстан мен Үндістан арасындағы тауар айналымының көлемі 2,4 млрд долларды құрады, бұл 2019 жылғы көрсеткішінен 27,3% -ға жоғары. Сонымен қатар былтыр Қазақстаннан Үндістанға экспорт 26,7%-ға өсіп, 2 млрд долларды құрады", – деп жазылған хабарламада.
Бұдан басқа, Қазақстан мен Үндістан арасындағы сауда көлемі ұлғайту үшін қазақстандық сарапшылар шетел нарығына шығарылуы мүмкін әлеуетті тауарлардың тізбесін дайындады. Онда жалпы саны алпыстан астам өнім атауы бар.Тауар айналымының сомасы 271,4 млн долларды құрауы мүмкін.
"Металлургия, тамақ, машина жасау, химия өнімдері, сондай-ақ құрылыс тауарларын және өзге де тауарлар жеткізуді ұлғайту мүмкіндігі жоғары", – деп жазылған хабарламада.