ҚР премьер-министрі Асқар Мамин Гаага қаласына ресми сапары аясында Нидерланды премьер-министрі Марк Рюттемен келіссөздер жүргізді, сондай-ақ Қазақстан‒Нидерланды бизнес-форумының ашылуына қатысты.
Қазақстан Республикасының және Нидерланды Корольдігінің премьер-министрлері V Қазақстан‒Нидерланды бизнес-форумының ашылуына қатысты, оның аясында екі елдің үкімет басшыларының қатысуымен 5 құжатқа қол қойылды:
- "K-Agro" қазақстандық компаниясы мен нидерландылық "Farm Frites" компаниялары арасындағы Жамбыл облысында фри картобын өндіретін бірлескен кәсіпорын құру туралы келісім. Жобаның құны — $145 млн;
- "Қазақстан Ғарыш Сапары" ҰК" АҚ мен "NEVASCO" компаниялар тобы арасындағы Жерді қашықтықтан зондтау (ЖҚЗ) және геоақпараттық жүйелер (ГАЖ) саласындағы жобаларды іске асыру бойынша ынтымақтастық туралы келісім;
- Қазақ ұлттық аграрлық университеті мен "Вахенинген" университеті арасындағы қазақстандық аграрий студенттерді оқыту бойынша ынтымақтастық туралы меморандум. "Вахенинген" университеті ‒ жаратылыстану ғылымдары, табиғи ресурстарды басқару, өсімдік шаруашылығы және мал шаруашылығы саласындағы әлемдегі жетекші орталықтардың бірі;
- "ТКШ Қазорталығы" АҚ-мен "Witteven+Bos" арасындағы канализациялық тазарту құрылыстарын салу және реконструкциялау туралы бағдарламаны іске асыру жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
- "Dal Agro Park" пен "Dutch Greenhouse Delta" арасындағы Түркістан облысында 200 гектар агропарк салу бойынша ынтымақтастық туралы меморандум.
ҚР премьер-министрі Shell, Bitfury, SuezGroup, Farm Frites, Dutch Fruit Solutions нидерландтық компанияларының өкілдерімен кездесулер өткізді, олармен Қазақстанда энергетика, деректерді өңдеу және блокчейн-технологиялар, білім беру, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және т.б. салалардағы жобаларды жүзеге асырудың перспективалары талқыланды.
Айта кетсек, Нидерланды — Қазақстанның Еуропадағы негізгі сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестерінің бірі. Тәуелсіздік жылдары Нидерландыдан Қазақстанға тікелей инвестициялардың жалпы ағымы $92 млрд-тан асты. ҚР-да Нидерланды капиталының қатысуымен 900-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. 2018 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы $6,5 млрд құрады.