Қазақстанның 11 әскери қызметшісі Ливандағы БҰҰ бітімгерлік миссиясына аттанды

183

Сарбаздар UNIFIL құрамында бейбітшілікті сақтау міндеттерін орындайды.  

Қазақстанның 11 әскери қызметшісі Ливандағы БҰҰ бітімгерлік миссиясына аттанды Фото: gov.kz

Қазақстан Қарулы Күштерінің 11 әскери қызметшісі Біріккен Ұлттар Ұйымының Ливандағы уақытша күштері (UNIFIL) миссиясына қатысу үшін Ливанға жіберілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Олар елдің оңтүстігінде Үндістан әскери контингентінің құрамында қызмет атқарады.

Қазақстандық бітімгерлер БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мандатына сәйкес атысты тоқтату режимін сақтау, жауапкершілік аймағындағы жағдайды бақылау, жергілікті билік пен тұрғындармен өзара байланыс орнату, гуманитарлық іс-шараларды қолдау, патрульдеу және БҰҰ нысандарын күзету сияқты міндеттерді орындайды.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, әскери қызметшілер халықаралық стандарттарға сай арнайы дайындықтан өткен. Дайындық барысында халықаралық гуманитарлық құқық нормалары, күш қолдану тәртібі, бейбіт тұрғындармен жұмыс істеу ерекшеліктері және тілдік дайындық мәселелері қамтылды. Сонымен қатар бітімгерлік операциялар кезіндегі іс-қимылдарға арналған практикалық жаттығулар өткізілді.

Қазақстандық әскери қызметшілердің UNIFIL миссиясына қатысу тәжірибесі қалыптасқан. Ливандағы жауапкершілік аймағына ұлттық контингенттің 11-ші құрамы жіберіліп отыр.

Бұған дейін де қазақстандық бітімгерлер үнді контингентінің құрамында өз міндеттерін жоғары деңгейде орындаған. Олар кәсіби дайындығы, тәртібі және көпұлтты ортада жұмыс істеу қабілеті арқылы миссия қолбасшылығы мен халықаралық серіктестердің оң бағасына ие болды.

Қазақстанның БҰҰ бітімгерлік операцияларына қатысуы – халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытындағы маңызды қадамдардың бірі. Бұл еліміздің бейбітшілікті қолдауға қосқан үлесін көрсетіп, әскери қызметшілерге халықаралық тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу