Тізімде он бір қала бар. Олар – Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Петропавл, Семей, Тараз, Орал, Өскемен.
"Жеңістің 77 жылдығы қарсаңында ата-бабамыздың ерлігін еске алуға деген тұрақты бағытымызды растайтын маңызды іс-шара өткізіліп отыр. Ресейде құрылған "Даңқты еңбек қаласы" жобасы Қазақстанда да тиісті жалғасын табады. Қазақстан соғыс жылдарында "майдан арсеналы" мен шикізат және азық-түлік базасына айналғаны, қорғаныс өнеркәсібінің негізгі бөлігін қажетті отынмен қамтамасыз еткені, көмір, түсті металл өндіргені, эвакуацияланған 220 фабрика мен зауытты қабылдағаны баршаға мәлім", – деді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов Ресей тарихи қоғамының делегациясымен кездесуде.
Делегация мемлекеттік әскери-тарихи музейге қазақстандық жауынгерлердің ІІ дүниежүзілік соғыстағы қаһармандығы туралы бірегей мұрағаттық құжаттар мен материалдарды табыс етті.
Қазақстаннан майданға аттанғандардың жалпы саны – шамамен 1,2 млн адам, олардың тең жартысы соғыстан оралмады. 12-ші атқыштар және 4-ші атқыштар дивизиясы, 7-ші атқыштар бригадасы және полктер мен батальондардың 50-ге жуығы біздің елде құрылды.
Соғыстағы ерлігі үшін 500-ге жуық қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағын алды.
Сондай-ақ 700 мыңнан астам адам өнеркәсіпке жұмылдырылды. Қазақстан 35%-ы мыс, 83%-ы қорғасын, 60%-ы молибден, 65%-ы висмут өндірді. Қарағанды облысы 35 млн тонна көмір берді. Осы уақыт ішінде тыл еңбеккерлері 5 млн тоннадан астам нан және 700 мың тоннадан астам ет өндірді.
Майдан даласында атылған 10 оқтың 9-ы қазақстандық қорғасыннан құйылғаны баршаға аян. Бұған дейін хабарлағанымыздай, II Дүниежүзілік соғыста Норвегияда жерленген тағы 18 қазақстандықтың есімі анықталды.