Қазақстанның 12 өңірі тұрғындарының айлығы елдегі орташа жалақыға да жетпейді

1466

Биылғы жылдың үшінші тоқсанындағы орташа жалақы 18,1%-ға өсіп, 191,1 мың теңгеге жетті. 

Қазақстанның 12 өңірі тұрғындарының айлығы елдегі орташа жалақыға да жетпейді

Ranking.kz, 2019 жылдың үшінші тоқсанындағы еліміздегі орташа еңбек ақыны жариялады.

Биылғы жылдың үшінші тоқсанындағы орташа жалақы 18,1%-ға өсіп, 191,1 мың теңгеге жетті. Бұл өткен екінші тоқсанмен салыстырғанда 1,8%-ға жоғары. Инфляцияны ескергенде сатып алу мүмкіндігі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12%-ға жоғарылаған. Осы орайда 2019 жылдың қыркүйек айының қорытындысы бойынша жыл басынан бері тауарлар мен қызметтер бағасы 5,3%-ға өскен.

Ең көп жалақы 361,5 мың теңгені әдеттегідей Атырау облысы тұрғындары алады. Бұл еліміздегі орташа айлықтан 89,2%-ға жоғары. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 310,6 мың теңге еді.

Жалақы деңгейі бойынша екінші орында Нұр-Сұлтан қаласы тұр. Елорда тұрғындарының орта айлығы 308,1 мың теңге. Яғни, елдегі орташа айлықтан 61,2%-ға жоғары.

Ал еңбек ақы бойынша үшінші сатыға Маңғыстау облысы жайғасқан. Бұл өңір халқының орта айлығы 297,3 мың теңге. Ол елдегі орташа айлықтан 55,5%-ға жоғары.

Ал Қазақстандағы ең төменгі жалақы Түркістан (122,8 мың теңге - елдегі орташа айлықтан 35,8%-ға төмен), Жамбыл  (127,8 мың теңге - елдегі орташа айлықтан 33,1%-ға төмен), Алматы (137,1 мың теңге - елдегі орташа айлықтан 28,3%-ға төмен) облыстарында тіркелген.

Ал мамандықтар бойынша айтар болсақ, ең жоғары жалақы - 484,6 мың теңгені қаржы, сақтандыру саласының мамандары алады (елдегі орташа айлықтан 2,5 есе жоғары).

Одан кейінгі орындарда 418,0 мың теңге көрсеткішімен тау-кен өнеркәсібі мамандары, 334,1 мың теңгемен ғылыми – техникалық сала қызметкерлері тұр.

Ал орта есеппен ең төменгі айлық 122,1 мың теңге білім беру саласында қызмет ететін адамдарға тиесілі. Бұл еліміздегі орташа айлықтан 36,1%-ға төмен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу