"Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының таулы-егерьлік бөлімшесінде 2019 жылғы Армиялық халықаралық ойындар шеңберінде өтетін "Аравт халықаралық аттар марафонына" дайындық басталды, деп хабарлайды Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Аравт – бұл 10 жауынгерден құралған аттар бөлімшесі. Қазақстан армиясы "Аравт халықаралық аттар марафонына" қатысуға өзінің әзірлігін білдіргендердің бірі болды. Қазіргі уақытта таулы-егерьлік бөлімшенің әскери қызметшілері арасында 10 негізгі және 3 қосалқы әскери қызметшіден құралатын команданы қалыптастыру үшін іріктеу жүргізілуде. Команда құрамына мерген, оқшашаршы, гранатаатқыш, байланысшы, сапер, атқыш және медициналық нұсқаушы кіреді.
Сайыс екі кезеңді қамтиды. Оның біріншісі "Аттар марафоны" болмақ. Қатысушылар аттармен бірге таулы және орманды жерлерден 130 шақырымды, су кедергілерін еңсеруге, орнатылған миналармен алаңнан өтуі керек. Сондай-ақ сайыс тізімінде арқанның көмегімен аттарды ұстау, жылқыны жүгендеу және ерттеу, аттардың көмегімен шартты жаралылар мен оқ-дәрілерді тасымалдау бар.
Сайыстың екінші кезеңі – "Қысқа қашықтыққа аралас эстафета". Әскери қызметшілер кедергілер жолағын еңсеруге, атыс қаруынан оқ атуларды жүзеге асыруға, орыннан және шабу барысында гранаталарды лақтыруға тиіс. Бұл – Армиялық халықаралық ойындар құрамындағы жаңа байқау.
"Аравт халықаралық аттар марафонының" ерекшеліктері байқауға аттарды Моңғолия ұсынады. Тек өзіңнің ат әбзеліңді пайдалануға рұқсат етіледі. Қатысушы әскери қызметшілердің салмағы 85 келіден аспауға тиіс, ал әрбір қателікке немесе сайыс барысындағы кешеуілдеуге айыппұл салынады. Ең өрескел бұзушылық – жылқыны жарақаттау. Бұл жағдайда Аравт бірден байқаудан шығады.
Байқау биылғы жылғы тамыз айының басында Моңғолия аумағында, еліміздің Қарулы Күштерінің біріккен оқу-жаттығу орталығының базасында өтеді.