"Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ мәліметінше, 2025 жылғы қыркүйектен 2026 жылғы маусымға дейін Қазақстан 13,1 млн тонна астық пен астық баламасындағы ұн экспорттады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл өткен маусымның сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13%-ға көп. Былтырғы осы кезеңде экспорт көлемі 11,6 млн тоннаны құраған.
Экспорттың айтарлықтай өсуі Орталық Азия елдері мен Ауғанстанға жеткізілімдердің артуымен байланысты. Атап айтқанда, Өзбекстанға экспорт 38%-ға өсіп, 5,5 млн тоннаға жетсе, Қырғызстанға жеткізілім көлемі 1,4 есеге артып, 504 мың тоннаны құрады. Сондай-ақ Ауғанстанға экспорт 59%-ға өсіп, 2,2 млн тоннаға жетті, ал Түрікменстанға жеткізілім 37%-ға ұлғайып, 205 мың тоннаны құрады.
Мамандардың айтуынша, жүк тасымалы көлемінің оң динамикасы қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдеріне сыртқы сұраныстың жоғары екенін және оңтүстік бағыттағы логистикалық дәліздердің тұрақты жұмысын көрсетеді. Сонымен қатар бұл экспорттық логистиканы дамыту және халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесін айғақтайды.