Франциялық "Auchan" (Ашан) бөлшек сауда желісінің операторы Душанбедегі супермаркетінде Қазақстан өнімдерін сатуға ниет білдіріп отыр. Бұл туралы бүгін ритейл басшылығымен өткен кездесу қорытындысында "KAZAKH INVEST" Ұлттық компаниясы" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Мейіржан Майкенов мәлім етті, деп хабарлайды үкімет басшысының баспасөз қызметі.
"Душанбеде өткен жазда Орталық Азиядағы "Auchan" халықаралық сауда желісінің алғашқы гипермаркеті ашылды, бүгін біз ритейл басшылығымен келістік, енді импорт өнімдерімен қатар, дүкен сөрелерінде Қазақстан азық-түлік өнімдері де сатылады, оның ішінде: кондитерлік тағамдар, жұмыртқа, балық, май өнімдері, ұн, майонез, күріш, сусындар және тұз секілді өнімдер бар", – дейді Мейіржан Майкенов.
"Auchan" өкілдері жоғарыда аталған өнімдермен қатар, "Рыбпром" ЖШС компаниясының Орталық Азияда баламасы жоқ, балықтан жасалған жартылай дайын өнім шығаратын жаңа желісінің өнімдеріне де қызығушылық танытты.
"Бізге Тәжікстан нарығы қызығушылық тудыратыны анық. "KAZAKH INVEST" қолдауының арқасында біз бүгін "Auchan"-ның категориялық менеджерлеріне өз өнімдерімізді таныстырдық. Қазір желіге өзара тиімді жағдайларға негізделген тікелей келісімшарттар әзірлеп жатырмыз", – дейді келіссөз қорытындысында "Рыбпром" ЖШС директорының орынбасары Серік Темірханов.
"Caspian Beverage Holding" компаниясы Тәжікстан нарығымен алғашқы рет танысып отыр.
"Біздің өнімге ұқсас жергілікті және импорттық өнімдердің бағасы біздің жеткізу құнын есепке алғандағы бағадан жоғары болғаны таңғалдырды. Жақын арада Тәжікстанда өнімдеріміз сатыла бастайды", – дейді "Caspian Beverage Holding" АҚ өнімді аймақтық экспорттау жөніндегі директоры Роман Пасичниченко.
Ертең Душанбеде 30-дан астам фармацевтика, машина жасау, құрылыс, азық-түлік өнімдерінің отандық өндірушілерінің қатысуымен "Қазақстан – Тәжікстан" сауда миссиясы басталады. Тәжікстан тарапынан біздің өнімді сатып алуға шамамен 120 компания ниет білдіріп отыр.