Атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты 26 маусым күні Қазақстанның барлық аймақтарында құбылмалы күн райы сақталады. Кей жерлерде жауын жауып, найзағай ойнайды, сондай-ақ жекелеген өңірлерде желдің күшеюі мен бұршақ күтіледі. Республиканың оңтүстігінде күндіз шаңды дауыл көтерілуі ықтимал, деп хабарлайды "Қазгидромет" РМК.
Атап айтқанда, күндіз Қызылорда облысының кей жерлерінде найзағай, бұршақ, шаңды дауыл болжанады, желдің екпіні 15-20 м/с күшеймек. Ақмола облысының кей аумақтарында найзағай ойнап, бұршақ жауады, күндіз желдің жылдамдығы 15-20 м/с артады. Қостанай облысының жекелеген жерлерінде найзағай мен бұршақ күтіледі, жел 15-20 м/с күшейеді. Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарында таңертең және күндіз найзағай ойнап, желдің екпіні 15-20 м/с артады. Күндіз Павлодар облысының кей жерінде найзағай ойнап, бұршақ жаууы мүмкін, желдің күші 15-20 м/с жетеді. Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарының кей жерлерінде найзағай мен 15-20 м/с екпіндегі жел күтіледі, күндіз бұршақ жаууы ықтимал. Түнде Алматы, Маңғыстау облыстарының кей жерлерінде найзағай ойнайды. Ақтөбе облысының кей жерінде жел 18 м/с дейін күшейеді. Сондай-ақ күндіз Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарының кей жерлерінде қатты ыстық сақталады. Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстарында жоғары өрт қаупі сақталады.