Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюро Қазақстанның Белоруссиядағы елшілігінің аға есепшісі А.Сейдуәлиевті ұстады, деп хабарлайды Ұлттық бюроның баспасөз қызметі.
Бейсенбі күні таратылған ақпаратқа сәйкес, А.Сейдуәлиев 2012-2015 жылдар аралығында елшілік ғимаратын салушы бас мердігер – "Активбизнесплюс" кәсіпорнына жүргізілген төлем деп жалған шығыс кассалық ордерлер толтыру арқылы 207 мың доллар бюджет қаржысын жымқырған.
Сонымен қатар, А.Сейдуәлиев аталған кезең ішінде ҚҚС-ты кері қайтару ретінде Белоруссияның салық органдарынан елшіліктің есеп-шотына келіп түскен 474886 долларды қалтасына басқан.
"Ұрланған қаражаттың жалпы сомасы 681883 долларды құрайды", – делінген хабарламада.
Қазіргі таңда аға есепші ұсталып, Астана қаласындағы уақытша ұстау мекемесіне қамалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.