Қазақстанның биатлоннан ұлттық құрамасы Ханты-Мансийск қаласында оқу-жаттығу жұмыстарында жүр, деп хабарлайды 24kz.
Ванкувер Олимпиадасының күміс жүлдегері Елена Хрусталеваның сөзіне қарағанда, ұлттық құрама жақын арада жаттығуларын Норвегияда жалғастырмақ.
"Биатлоннан ұлттық құрама алдағы Қысқы универсиадаға қызу дайындалуда. Жаңа жылға дейін Алматыда өтетін тестілік жарысқа қатысу жоспарда бар. Осылайша біз Универсиада-2017 жүлдесі үшін күресетін команданы жинайтын боламыз. Сондай-ақ, қысқы ойындарға дейін олар Швеция, Чехия және Словенияда өтетін Әлемдік кубоктың 6-кезеңіне қатысуы тиіс. Жаңа жылдан кейін біздің құрама Германия мен Италияда өтетін Әлемдік кубоктың үш кезеңінде тағы да бағын сынап көрмек", – деп хабарлады Е.Хрусталева.
Е.Хрусталеваның айтуынша, Алматыда өтетін 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиада ойындарында биатлон бойынша Қазақстан құрамасының қарсыласы Ресей, Украина және Беларусь болмақ.
Қазақстан Универсиада-2017 ойындарына 8 биатлоншыға жолдама беретінін атап өткіміз келеді, олардың алтауы жарыстар кезінде жүлде үшін күш сынаспақ.