Қазақстанның 18 облысында перзентханалар жаңғыртылып жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Министрдің айтуынша, бүгінде 18 облыстық перинаталдық орталық пен 15 облыстық балалар ауруханасында реновация жұмыстары басталған. Жаңғырту жұмыстары перинаталдық қызметті біріздендіру, мамандардың біліктілігін арттыру және заманауи технологияларды өңірлерге енгізу мақсатында жүргізілуде. Сонымен қатар, балаларға медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін 302 бейінді төсек қайта құрылып, медициналық мекемелерде тренинг және құзыретті дамыту орталықтары ашылады.
Президент тапсырмасына сәйкес, елімізде 12 жаңа перинаталдық орталық салу жоспарланған. Олар келесі қалалар мен елді мекендерде бой көтереді:
- Астана (2 нысан),
- Алматы,
- Шымкент,
- Атырау,
- Тараз,
- Қарағанды,
- Қаскелең,
- Қостанай,
- Қызылорда,
- Орал,
- Түркістан облысының Темірлан ауылы.
Әкімдіктер тиісті жер телімдерін бөліп қойған. Шымкент пен Қарағанды қалаларында жобалар пилоттық үлгі ретінде таңдалды: Шымкент жылы климатты, Қарағанды суық климатты өңірлерге бейімделген нұсқа ретінде. Алайда аталған өңірлер жобалық-сметалық құжаттаманы әлі аяқтамаған. Соның салдарынан мемлекеттік сараптама жүргізу мен құрылыс жұмыстарының басталуы кешеуілдеп отыр.