Еліміздің көптеген өңірінде жаңбыр, найзағай, бұршақ, дауыл және қатты жел күтіледі. Кей аймақтарда аптап ыстық пен төтенше өрт қаупі сақталады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Қазгидромет" РМК мәліметінше, 24 тамызда Астана қаласында жаңбыр, найзағай, бұршақ пен дауыл күтіледі. Желдің екпіні 15-20 м/с-қа жетеді, түнде және таңертең тұман түседі.
Алматыда күннің екінші жартысында жаңбыр мен найзағай болжанып отыр. Желдің екпіні 15-18 м/с-қа дейін күшейеді. Қалада төтенше өрт қаупі сақталады. Шымкентте жел 15-20 м/с-қа дейін күшейіп, төтенше өрт қаупі жалғасады.
Жетісу, Алматы облыстары мен Іле Алатауының таулы аймақтарында жаңбыр, найзағай, кей жерлерде қатты жаңбыр мен бұршақ күтіледі. Алакөл маңында желдің екпіні 30 м/с және одан асуы мүмкін.
Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Ұлытау, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында да жаңбыр, найзағай, бұршақ пен дауыл болжанады. Кей өңірлерде тұман түсіп, жел 15-28 м/с-қа дейін күшейеді.
Жамбыл және Түркістан облыстарының таулы аудандарында жаңбыр мен найзағай күтіледі. Түркістан облысының солтүстігінде шаңды дауыл болуы мүмкін.
Ал Маңғыстау облысында ауа температурасы 38-42 градусқа, Атырау облысында 35-39 градусқа дейін көтеріледі. Батыс Қазақстан облысында да 35-38 градус ыстық күтіледі.
Сонымен қатар Қызылорда облысында 24-26 тамыз аралығында, ал бірқатар басқа өңірлерде төтенше өрт қаупі сақталады.