Қазақстанның бірқатар өңірінде дауылды ескерту жарияланды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Алматы облысының таулы аудандарында жаңбыр, найзағай және тұман күтіледі. Таулы жерлерде желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін жетеді. Облыстың орталығы, батысы мен шығысында төтенше өрт қаупі сақталады. Алматыда да жаңбыр мен найзағай болжанған.
Жетісу облысының таулы аудандарында жаңбыр, найзағай және тұман күтіледі. Желдің екпіні 15-20 м/с, Алакөл маңында кей уақытта 23-28 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін. Өңірдің оңтүстігі мен шығысында төтенше өрт қаупі сақталады.
Түркістан облысының батысы мен солтүстігінде шаңды дауыл болып, желдің екпіні 23-28 м/с-қа дейін жетеді. Шымкент пен Түркістанда да жел күшейеді. Төтенше өрт қаупі сақталады.
Қызылорда облысының оңтүстігі мен орталығында, сондай-ақ Қызылорда қаласында шаңды дауыл күтіледі. Желдің жылдамдығы 15-20 м/с болады. Өңірде төтенше өрт қаупі сақталады.
Жамбыл облысының таулы аудандарында жаңбыр мен найзағай күтіледі. Жел 15-20 м/с-қа дейін күшейеді. Таразда төтенше өрт қаупі сақталады.
Солтүстік және орталық өңірлерде де ауа райының қолайсыз құбылыстары болжанған. Ақмола облысында жаңбыр, найзағай және тұман күтіледі, түнде топырақ бетінде 2 градусқа дейін үсік жүруі мүмкін. Солтүстік Қазақстан облысында да тұман мен жел күшейіп, түнде 2 градусқа дейін үсік болады.
Қостанай облысының кей жерлерінде жаңбыр, найзағай және бұршақ күтіледі. Павлодар облысында тұман, түнде 1 градусқа дейін үсік болжанған.
Шығыс Қазақстан облысында түнде және таңертең тұман болып, кей аудандарда ауа температурасы 5 градусқа дейін төмендейді. Абай облысында 3 градусқа дейін, Қарағанды облысының шығысында 2 градусқа дейін үсік күтіледі.
Сонымен қатар Ұлытау, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында жоғары немесе төтенше өрт қаупі сақталады.