Қазақстанның бірқатар өңірінде құрылыс жұмыстарының көлемі ұлғайды

2022 жылдың 11 айында республика бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі 4,9 трлн теңгеге жетті. 

Қазақстанның бірқатар өңірінде құрылыс жұмыстарының көлемі ұлғайды Фото: inbusiness.kz

Еліміздің 17 өңірінде (Маңғыстау, Абай және Қарағанды облыстарын есепке алмағанда) құрылыс жұмыстары көлемінің оң серпіні байқалады, деп хабарлайды inbusiness.kz Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне сілтеме жасап.

"Құрылыс – ұлттық экономикадағы қарқынды дамып келе жатқан жүйе құраушы салалардың бірі. Оның өркендеуі экономикадағы басқа да секторлардың тамырына қан жүгіртуге қауқарлы. Мәселен, 2022 жылдың 11 айында республика бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі 4,9 трлн теңгеге жетті. Тұтастай алғанда, еліміз бойынша 47 мыңнан астам кәсіпорынның құрылыс-монтаж жұмыстарына лицензиясы бар. Оның ішінде 46 мыңға жуығы қазір жұмыс істеп келеді", – деп хабарлады министрлік.

Еске сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша қалаларды кешенді салу стандарттарының әдістемелік құжаты қабылданып, ол заманауи қоғамдық кеңістіктер мен инфрақұрылымды қалыптастыру бойынша қарапайым және көрнекі құралға айналмақ.

Стандарттарды іске асыру үшін әкімдіктер шағын сәулет нысандары мен абаттандыруды қолдана отырып, қалалардың заманауи келбетінің дизайн кодтарын әзірлейтін болады. Қала құрылысын жоспарлаудың жүйелі шешіміне келсек, бірыңғай ақпараттық кеңістікте мониторингтің жаңа тәсілдері мен тетіктері енгізіліп жатқанын атап өткен жөн.

"Осы ретте Қала құрылысы кадастры жүйесінің қызметі құрылысты тиімді жоспарлаудың және қала құрылысы бағытындағы ашықтықты қамтитын негізгі құралдардың бірі болады деп көзделіп отыр. Заңнамалық деңгейде аумақтарды салуды кешенді цифрлы басқару үшін бірыңғай қала құрылысы сараптамасын енгізіп, қала құрылысы жобаларын, инженерлік-геодезиялық ізденістерді есепке алу, инженерлік желілер мен олардың қуаттары бойынша табиғи монополиялар субъектілерінің деректерін Қала кадастры жүйесіне енгізу мәселесі пысықталуда", – деп хабарлады министрлік.

Құрылыстың сметалық құнының артуына жол бермеу үшін жобалау-сметалық құжаттамада прайс-парақтарды қолдану тетігі алынып тасталды. Осы арқылы жұмыс түрлері мен конструктивтер бойынша ауқымды нормаларды қолданып, сметаларды есептеудің заманауи әдісі енгізілді. Бірыңғай сметалық бағалардың жинақтары әзірленіп, бұл сметалық құжаттаманы дайындаудың күрделілігін азайту мен оларды сараптау процесін жеңілдетпек.

Сондай-ақ құрылыстың сапасы мен оның ашықтығын бақылауды күшейтуге арналған бірыңғай құрылыс порталын әзірлеу қолға алынғанын атап өту қажет. Бұл шаралар құрылыстың барлық қатысушысына қатысты деректі бірыңғай цифрлы ортада жинақтауға септігін тигізеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу