Қазақстанның бірқатар өңірінде су тасу қаупі бар

1873

Төтенше жағдайлар комитеті Қазгидромет болжамын түсіндірді.

Қазақстанның бірқатар өңірінде су тасу қаупі бар

ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир  Беккер көктемнің жақындауына байланысты еліміздің кейбір өңірлерінде су тасуы мүмкін екенін айтты.

"Кеше Қазгидромет болжамын алдық. Су тасқыны қаупі Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында бар. Ақмола облысында жағдай қиын дейтін себебім, Атбасардағы жоғарыдан ағатын Жабай өзені үш аудан аумағы арқылы өтеді. Оның су жинау қуаты 198 мың шаршы шақырым. Өзенде су ағуын бақылайтын құрылғы жоқ. Әзірге өзен тереңдетілмеген. Жобалық-сметалық құжат енді әзірленіп жатыр. Шығыс Қазақстанда да ылғал көп. Таудан ағатын Бұқтырма өзені де бар", – деді Владимир  Беккер. 

Оның айтуынша, елордаға су тасқыны қауіп төндірмейді.

"Нұр-Сұлтан қаласында тасқын қаупі жоқ. Себебі Есіл өзенінде су қоймасының 60%-ына ғана су толтырылған. Керек болса ол жерге 450 млн куб су жіберуге болады. Оңтүстік аймақтарда да жағдай тұрақты. Әзірге Қызылорда, Түркістан, Атырау, Ақтөбе облыстарында жағдай қалыпты. Бірақ бір жарым ай ішінде өзгеруі ықтимал. Сырдария өзенінде қауіп жоқ. Ондағы су көлемі биыл бұрынғыдан аз. Мұздың қалыңдығы былтырғымен салыстырғанда 20 сантиметрге жұқа.  Оның үстіне Көксарай және Шардара су қоймаларында су жинақтау үшін жалпы көлемі 3,5 млн куб километр болатын бос орын бар",– деді комитет төрағасы.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу