Қазақстанның бірқатар өңірінде табиғи газдың бағасы төмендетілді

1727

"ҚазТранГаз Аймақ" АҚ елдің барлық газдандырылған өңірлеріне жабдықтау үстемесін төмендетті, деп хабарлайды inbusiness.kz ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің мәліметіне сүйеніп.

Қазақстанның бірқатар өңірінде табиғи газдың бағасы төмендетілді

"2021 жылғы қыркүйек айының соңында "ҚазТранГаз Аймақ" АҚ-ы Тарифтік ведомствосының сұрауы бойынша бағаға сараптама жүргізу үшін қажетті құжаттар ұсынған болатын. Баға сараптамасы аясында, ТМРК ұсынылған материалдарға мұқият талдау жүргізді, сондай-ақ "ҚазТранГаз Аймақ" АҚ-ы қосымша ұсынған материалдарды зерттеді. Осылайша, баға сараптамасын қарау қорытындысы бойынша, Табиғи монополияларды реттеу комитеті "ҚазТранГаз Аймақ" АҚ-ның елдің барлық газдандырылған өңірлеріне жабдықтау үстемесін 15%-дан (Шығыс Қазақстан облысы) 50,63%-ға (Атырау облысы) дейін төмендетті", – деп жазылған хабарламада.

Айта кетсек мемлекеттік реттеу Энергетика министрлігі мен ҚР ҰЭМ ТМРК-ы арасында бөлінген. Табиғи газдың түпкілікті бағасы 70-80% Энергетика министрлігі бекітетін көтерме бағаға тәуелді. Ал табиғи газ бағасының қалған бөлігі газды тасымалдау қызметінен және өткізу шығындардан (жабдықтау үстемесі) тұрады.

Комитеттің хабарлауынша, жабдықтау үстемесінің деңгейін төмендету бөлігінде атқарылған жұмыстың нәтижесінде, ТМРК көптеген өңірде тұтынушылар үшін тауарлық газдың түпкілікті шекті бағаларын 0,34%-дан 38,96%-ға дейін төмендетуге қол жеткізген.

"Ең жоғары төмендеу Атырау облысы үшін болды, мында төмендеу 38,96%-ды құрады. Ал ең төмен 0,34%-ға төмендеу жақында ғана тұтынушылар тауарлық газға қосылған Қарағанды облысында болды", – дейді ведомстводан.

Бағалар 2022 жылғы 1 ақпаннан бастап төмендетіледі.

Айта кету керек, табиғи газ бағасының төмендеуі жекелеген коммуналдық қызметтерге мультипликативті әсер етеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу