Елдің солтүстік аймақтарында қар жауып, жаяу бұрқасын соғады. Ал оңтүстік өңірлерде жаңбыр жауып, найзағай ойнауы мүмкін.
Қостанай облысында түнде және таңертең қар жауып, жаяу бұрқасын соғады. Жолдарда көктайғақ болады. Желдің екпіні 15-20 м/с-қа жетеді. Осындай ауа райы Қостанай қаласында да күтіледі.
Солтүстік Қазақстан облысында түнде қар жауып, бұрқасын соғады. Күндіз жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын болжанып отыр. Кей аудандарда желдің екпіні 25 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін. Петропавлда да қар, көктайғақ және қатты жел күтіледі.
Ақмола облысының батысы мен солтүстігінде аздаған қар жауып, көктайғақ болады. Кей аудандарда тұман түседі.
Түркістан облысы мен Шымкентте күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Желдің жылдамдығы 15-20 м/с-қа дейін күшейеді.
Алматы және Жетісу облыстарында тұман түсіп, таулы аудандарда жел күшейеді. Алакөл маңында желдің екпіні 20 м/с-қа дейін жетуі мүмкін. Алматы қаласында да түнде және таңертең тұман болжанып отыр.
Жамбыл, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында тұман түсіп, кей жерлерде желдің екпіні 15-20 м/с болады.
Ақтөбе, Атырау, Ұлытау, Қарағанды және Павлодар облыстарында негізінен тұман күтіледі. Ақтөбе облысының жолдарында көктайғақ болуы мүмкін.
Қызылорда облысында тұман түсіп, көктайғақ болады. Сонымен қатар Алматы және Қызылорда облыстарының кейбір аудандарында жоғары өрт қаупі сақталады.
Синоптиктер қолайсыз ауа райы кезінде тұрғындарға жолда сақ болуды, ал жүргізушілерге жылдамдықты төмендетіп, арақашықтықты сақтауды ескертеді.