13 қазанда Қазақстанның бірқатар өңірінде жаңбыр, найзағай, тұман және шаңды дауыл күтіледі. Кей жерлерде желдің екпіні 25–28 м/с-қа дейін жетуі мүмкін, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Шымкентте күннің бірінші жартысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Желдің екпіні 15–20 м/с болады.
Жамбыл облысының таулы аудандарында тұман түсіп, күндіз желдің екпіні 15–20 м/с-қа жетеді. Түркістан облысының оңтүстігінде және тау бөктерінде жаңбыр мен найзағай күтіледі. Таулы аудандарда жаңбыр мен қар жауып, тұман түсуі мүмкін.
Батыс Қазақстан облысының батысы мен оңтүстігінде, Атырау облысының батысында шаңды дауыл күтіледі. Маңғыстау облысының батысында, оңтүстігінде және орталығында да шаңды дауыл соғады. Бұл өңірлерде желдің екпіні 15–20 м/с, Маңғыстау облысында кей уақытта 25 м/с болады.
Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының кей аудандарында түнде және таңертең тұман күтіледі. Павлодар облысында күндіз желдің екпіні 18 м/с-қа жетуі мүмкін. Алматы облысының шығысында жел 15–20 м/с жылдамдықпен соғады.
Жетісу облысының таулы аудандарында тұман күтіледі. 13–14 қазанда Алакөл көлдері ауданында желдің екпіні 23–28 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.
Сонымен қатар Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды, Ұлытау және Қызылорда облыстарының бірқатар аумағында жоғары немесе төтенше өрт қаупі сақталады. Жетісу облысының шығысында да жоғары өрт қаупі болжанып отыр.