Оның айтуынша, отандық мұнай өңдеу зауыттары автомобиль жолдарының сапасын арттыруға мүмкіндік беретін модификацияланған битум өндірісіне көшу мәселесін де пысықтап жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– "ҚазМұнайГаздың" мұнай өңдеу зауыттарының тоқтаусыз жұмысын жолға қойып, дамыту – стратегиялық маңызды міндет. Бүгінгі күні тұрақтылық индексін 96 пайызға дейін арттыруға бағытталған жаңа технологиялық шешімдерді енгізу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жеңіл мұнай өнімдерінің шығымы – мұнай өңдеу зауыттарының жұмыс тиімділігін айқындайтын маңызды көрсеткіштердің бірі. Заманауи катализаторлар мен қоспаларды қолдану, технологиялық процестерді автоматты түрде басқару, сондай-ақ өндірісті тоқтатпай ақылды технологияларды енгізу сияқты іс-шаралар арқасында бұл көрсеткішті 2029 жылға қарай 83 пайызға дейін жеткізу көзделген, – деді Асхат Хасенов.
Компания басшысының сөзінше, қайтарымсыз шығындар мен отын тұтынуды төмендету де күн тәртібінен түспек емес. Оның арасында көмірсутек газдарының шығын жолдарын анықтап, оларды бітеу арқылы 8-ден 5,5 пайызға дейін қысқарту болжанған.
– Бүгінгі күні 3 мұнай өңдеу зауыты Jet A-1 авиаотынын өндіруге техникалық және нормативтік тұрғыдан дайын. Авиация саласын экологиялық таза отынмен қамтамасыз ету мақсатында "ҚазМұнайГаз" Kaz Food Products-пен бірлесіп биоэтанолды жаңартылатын авиаотынға айналдыратын SAF өндірісі жобасын іске асырып жатыр. Биыл жобалық жұмыстары басталады. Сондай-ақ, автомобиль жолдарының сапасын арттыруға мүмкіндік беретін модификацияланған битум өндірісіне көшу пысықталып жатыр, – деді ол.