Қазақстанның десанттық-шабуылдау әскерлері кәсіби мерекесін атап өтіп жатыр

787

2000 жылы 6 шілдеде ел Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде Ұтқыр күштер құрылып, Аэроұтқыр әскерлері болып қайта аталды.  

Қазақстанның десанттық-шабуылдау әскерлері кәсіби мерекесін атап өтіп жатыр

2017 жылы қазіргі заманғы құрылыммен Десанттық-шабуылдау әскерлері болып қайта ұйымдастырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы ҚР Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

Әр жылдары бұл әскерге генерал-майор Уәли Еламанов, генерал-полковник Сәкен Жасұзақов, генерал-лейтенант Мұрат Мәйкеев, генерал-майор Әділбек Алдабергенов, генерал-майор Дәулет Оспанов, генерал-майор Алмаз Жұмакеев, генерал-майор Қайдар Қарақұлов, генерал-майор Қаныш Әбубәкіров басшылық етті.

Бүгінде десанттық-шабуылдау әскерлерін генерал-майор Мереке Күшікбаев басқарады. Қазіргі десанттық-шабуылдау әскерлері – ұтқырлығы жоғары және соңғы үлгідегі техникамен жарақталған, жауынгерлік ретте де, негізгі күштерден алыста да, оның ішінде қарсылас тылында да міндеттерді орындауға қабілетті әскер. Оның құрамында жауынгерлік әлеуетін десанттық-шабуылдау, артиллериялық, шабуылдау, барлау, бітімгершілік құрамалары, бөлімдері мен бөлімшелері бар.

Десанттық-шабуылдау әскерлері бітімгершілік қызметке де зор үлес қосуда. 2003-2008 жылдары "Қазполктің" әскери қызметшілері Ирактағы бітімгершілік миссияға қатысты. 2018 жылдан бастап "Қазполк" пен "Тілендиев" бітімгершілік даярлық орталығы базасында "БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштері" үшін қазақстандық контингент даярланып жатыр.

Десанттық-шабуылдау әскерлері барлық, оның ішінде халықаралық оқу-жаттығуларға белсенді қатысады. Армиялық халықаралық ойындар сайыстарында қол жеткізген көрсеткіштері жоғары. "Десантшы-жауынгерлер әрқашан жоғары даярлық деңгейін, кәсіби шеберлігін, қиын да күрделі міндеттерді орындауға қабілетті екенін көрсетуде. Бұл әскерде қызмет етудің қай кезеңде де абырой-беделі асқақ. Бөлімдер мен бөлімшелерді жасақтау қатаң іріктеу арқылы жүргізіледі, ал мерзімді қызмет әскери қызметшілерінің спорттық разряды бар және психологиялық тұрғыдан өте төзімді болып келеді", - деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу