Төтенше жағдайлар вице-министрі Ерлан Нұрпейісов қазір Қарағанды облысында жүр. Далалық өрт сөндіру штабтары жұмысын жалғастырып жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Алдын ала ақпарат бойынша ауданы 35 мың гектар құрғақ шөп жанып жатыр. Екпінді жел, таулы жерлер және өрт ошақтарына кірме жолдардың болмауы өртті сөндіру жұмыстарын қиындатып отыр. Өртті сөндіруге Қарағанды облысы ТЖД және жергілікті атқарушы органдарының күштері мен құралдарынан – 386 адам, 64 бірлік техника, ҚР ТЖМ мен Қорғаныс министрлігінің әуе кемелері жұмылдырылуда. Табиғи өртті сөндіруге жұмылдырылған күштер мен құралдар 4 жауынгерлік учаскеге бөлінді", – деп хабарлады министрлік.
Әуе кемелері өрт ошақтарына барлығы 30 рет 50-ден астам тонна су төкті.
Ұлттық ұлан, Кувский орманшылары, жергілікті атқарушы органдардан, Қарағанды және Ақмола облыстары ТЖД, ҚР ТЖМ 52859 әскери бөлімінен қосымша күштер мен құралдар жіберілді.
"Қарқаралы ауданында екі бірлік жылжымалы тамақтану пункті дайындалды, азық-түлік және заттай жарақтар қамтамасыз етілді. Сонымен қатар Қарағанды облысы ТЖД 8 721 2 51 72 23 жедел желі телефоны жұмыс істейді. Қарағанды және Павлодар облыстарының шекара аумағындағы өрттің жалпы ауданы – 45 мың гектар. Бұл ретте Павлодар облысындағы өрт алдын ала 10 мың гектар алқапта оқшауланғанын еске саламыз", – делінген хабарламада.