Қазақстанның экономикалық мүддесін қорғау қажет

734

Сенат депутаты дабыл қақты.

Қазақстанның экономикалық мүддесін қорғау қажет

Сенатор Еділ Мамытбеков ЕАЭО-ға кіргізілетін кедендік баж бөлінісі мәселесін реттеуде ел мүддесі жоғары тұруы және қорғалуға тиіс екенін мәлімдеді.

"ЕАЭО – динамикалық тұрғыда дамып келе жатқан интеграциялық бірлестік. Оның құрамындағы мемлекеттердің саны алдағы уақытта арта беруі мүмкін. Бұл бір жағынан сауда нарығының ұлғаюына алып келсе, екінші жағынан кіргізілетін кедендік баждың бөлінуі есебінен әр елдің қаржылық түсімінің азаюуына соқтыруы ықтимал. Бұл мәселе – Қазақстан үшін маңызды. Бүгінгі таңда парадоксальды жағдайды бақылауға болады: бір жақтан Ресейге қатысты экономикалық санкциялар күшінде тұр. Екінші жағынан Қазақстан кедендік бажды бөлу жүйесі жағдайында өзінің жеделдетілген индустрияландыруына шығын келтіре отырып, шикізат ресурстарын сыртқа шығаруға мәжбүр. Дәл мұндай құрылымдық ауытқулар Еуразия экономикалық комиссиясының табанды түрде жүргізіп келе жатқан бірыңғай өнеркәсіптік саясат жүргізу идеясы жағдайында "консервіленіп" қалуы мүмкін", – деді депутат.

Еділ Мамытбековтің сөзінше, бұл жағдай одаққа мүше мемлекеттердің кооперацияны дамытуға және ұлттық өнеркәсіп кешенін өркендету деген ынтасын жояды. 

"Қазақстан тарапы дәл осындай шегініске жетелейтін, шешім қабылдайтын "ас үйге" бір үңіліп қойса, дұрыс болар еді. Мәселен, Беларусь тарапы өз мүддесін қорғау үшін бірқатар шара қабылдауда. Белта ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Беларусь ЕАЭО-ға кіргізілетін кедендік баж бойынша экономикалық мүддесін ойлап отыр. Осы жылдың наурыз айында Беларусь Республикасының премьер-министрінің орынбасары Игорь Петрешенко бір сұхбатында "алдын-ала есеп бойынша, Беларусь үшін баж бөлу мотиві – 0,65-тен 1,36% көтерілуі керектігін" айтып қалды. Сонымен қатар беларусьтар бұл нормативтерді тұрақты негізде бекітуді қолдамайды. Олар әлемде экономикалық жағдай қатты өзгеріп жатқанын, мемлекет кедендік бажды қайта қарастыру мүмкіндігіне ие болуы керектігін аргумент ретінде алға тартады", – деді сенатор.

Ол Беларусь Республикасының ЕАЭО-ға кіргізілетін кедендік баж 3 жылда бір рет талқылануы керек деген ұсынысын қолдауға шақырды. 
"Келіссөзге қатысушылардан алдағы отырыстарда осыны есепке алуын өтінемін", – деді депутат.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу