Қазақстанның Елтаңбасы өзгеруі мүмкін

1528

Мамандардың орынды пайымдары ескеріліп, арнаулы комиссия құрылуы да мүмкін.

Қазақстанның Елтаңбасы өзгеруі мүмкін Фото: baq.kz

Елтаңбамызға қатысты сыни пікірлер айтылып жатады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Президент ұлттық бірегейлігіміз мемлекеттік рәміздерде айқын көрініс тапқанын баса айтты. 

"Мен былтыр аймақтардың нышанын, яғни символикасын жүйелеп, бірыңғай стандартқа келтіру қажеттігін айттым. Нышандардан сол өңірдің ерекшелігімен қатар, еліміздің болмыс-бітімі де байқалуға тиіс. Қазір осы бағытта нақты жұмыс жасалып жатыр. Бұған мамандар, сарапшылар және белсенді азаматтар атсалысуда. Сонымен қатар олар Мемлекеттік нышандарымызды түгел жаңғырту туралы пікір айтып жатқанын білемін. Біздің Көк туымызда мін жоқ. Онда еліміздің бірегей болмысы нақты бейнеленген. Әнұранымыз да нағыз ұлттық рухты паш етеді. Қазақтың әнұраны әлемнің әр түкпірінде шырқалып жүр. Жаңа жылды жақындарымыздың ортасында әнұранмен қарсы алу жақсы дәстүрге айналды", - деді ол.

Оның айтуынша, әнұранымыздың сөзі де, әуені де халықтың жүрегіне әбден орныққан.

"Ал Елтаңбамызға қатысты сыни пікірлер айтылып қалады. Оны Кеңес заманындағы Гербке ұқсатып жатады. Тым эклектикалық, күрделі дейді. Мұндай ойды ел ісіне бей-жай қарамайтын белсенді азаматтар ғана емес, мамандар да айтып жүр. Орынды пайымдар ескерусіз қалмауы керек. Ортақ келісімге келген жағдайда арнаулы комиссия құруға болады. Бұл комиссия мәселені жан-жақты қарастырып, қоғамдық талқылау өткізеді. Сосын Қазақстанның жаңа Елтаңбасының жобасын жасауға ашық байқау жарияланады", - деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кету керек, осыған дейін Алтын Орданың тарихы туралы көп сериялы деректі фильм түсірілетінін жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу