Қазақстанның Франциядағы елшісі БҰҰ-дағы Қазақстанның Тұрақты өкілі қызметін қоса атқарады

537

Тиісті жарлық Мемлекет басшысының ресми сайтында жарияланды, деп жазады inbusiness.kz

 Қазақстанның Франциядағы елшісі БҰҰ-дағы Қазақстанның Тұрақты өкілі қызметін қоса атқарады Фото: akorda.kz

"Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Француз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Гүлсара Мерейқызы Арыстанқұлова Қазақстан Республикасының Монако Князьдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі, БҰҰ Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі қызметін қоса атқарушы болып тағайындалды", делінген жарлықта.

Гүлсара Арыстанқұлова 1971 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік әлем тілдері университетін, "Болашақ" бағдарламасы бойынша Страсбург қаласының Гуманитарлық ғылымдар университетін және Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын тәмамдаған.

Дипломатиялық қызметі 1998 жылы Қазақстанның Бельгиядағы Елшілігінде атташе ретінде басталды. ҚР СІМ Орталық аппаратында ТМД істері жөніндегі комитеттің екінші, бірінші хатшысы, Халықаралық ақпарат комитетінің басқарма басшысы лауазымдарын атқарды. 2003-2007 жылдары Қазақстанның Франциядағы Елшілігінде екінші, одан кейін бірінші хатшы болып жұмыс істеді.

2008 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат орталығында консультант, сектор меңгерушісі болып жұмыс істеді және Қазақстанның Франциядағы Елшісі лауазымына тағайындалғанға дейін ҚР Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат және халықаралық байланыстар бөлімі меңгерушісінің орынбасары болды.

Француз және ағылшын тілдерін меңгерген. ІІ сыныпты Төтенше және Өкілетті Уәкіл дипломатиялық дәрежесі бар.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу