Кеше Өскемен қаласының тұрғындары Конституция күні және Өскемен қаласының туған күнін тойлаған болатын. Дәл осы мерекеде қала әкімі Жақсылық Омар "МузАрт" тобының "Сен келерсің" әнін орындаған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.
Мерекелік шара Республика алаңында ашық аспан астында өтті. Осы жерде караоке ұйымдастырылған. Желіде қала әкімінің осы алаңда ән айтқан видеосы пайда болды. Кадрлардан әкімнің айтқан әніне вальс билеген жастар мен жиналған тұрғындарды байқауға болады.
Желі қолданушыларының бір бөлігі әкімді қолдаса, енді бірі оны Түрікменстанның экс-президенті Гурбангулы Бердімұхамедовке ұқсатты.
"Өте жақсы әкім! Халық үшін жасап жатқан істеріңізге рақмет. Әкіміміз әрқашан халықпен бірге! Жақсылық Омар ең жақсы әкім", "Жарайсың! Халықпен бірге жүрген әкімді бірінші рет көріп тұрмын! Басқа әкімдер күзетшілерімен жүреді. Оларға жолай алмайсың, тіпті", "Көре алмағандар тұз жалаңдар көмек болар. Біздің қазақтың жігіттері мықты болып келеді атам заманынан!", "Тақсырымыз ән де айта алады екен. "Хоккей", "футболдан" спорт шебері атақтарынан бөлек, "Қазақстанның халық әртісі" атағын көздеп жүрсе керек. Түркімен Башыны үлгі етіп жүрген сияқты", "Сондай-ақ, ол шебер әнші. Бұдан бөлек, хоккей ойнайды, жол салады және гүлзарлар отырғызады! Қандай дамыған, жан-жақты тұлға! Әкiмнен жолымыз болды!", – деді олар.
Айта кетейік, Жақсылық Омар Өскемен қаласының әкімі қызметіне 2018 жылдың 20 тамызында тағайындалған еді. Оған дейін Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.