Қазақстанның Мексикадағы елшісі Андриан Елемесов Мехиконың индустриялды клубында Қазақстанның экономикалық және инвестициялық мүмкіндіктерінің кездесу-таныстырылымын өткізді, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.
Шараға клуб мүшелерімен қатар, түрлі бұқаралық ақпарат құралдары мен "Ротари" қайырымдылық ұйымының өкілдері қатысты. ҚР Сыртқы істер министрлігінен хабарланғанындай, дипломат өзінің баяндамасында елдің соңғы жылдардағы саяси және экономикалық жетістіктеріне кеңінен тоқталды. Сонымен қатар ол индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы "Нұрлы жол-болашаққа бастар жол" жаңа экономикалық саясаты мен "100 қадам" Ұлт жоспарының жүзеге асырылу барысымен таныстырды. Кездесу аясында елшілік өкілдері Халықаралық мамандандырылған "ЭКСПО-2017" көрмесінің таныстырылымын өткізді. Оның қорытындысы бойынша, Инвестициялар және даму министрлігінің инвестициялық жобаларымен қатар экономикалық мақсаттағы толыққанды материалдары таратылып берілді. Шара соңында Қазақстан мен Мексика үкіметтерінің алдында тұрған өзекті мәселелер мен тұтастай әлемдік экономикада орын алып отырған жағдай бойынша белсенді пікірталас өрбіді.