Иран астанасында Қазақстан мен Иран арасындағы саяси консультациялар өтті. Қазақстан делегациясын ҚР сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді, ал Иран тарапын ИРИ сыртқы істер министрінің орынбасары Сейед Аббас Аракчи басқарды, деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі.
Саяси консультациялар екі елдің сыртқы саяси ведомстволары арасындағы ынтымақтастықтың Бес жылдық бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде өтті.
Сапар шеңберінде Мұхтар Тілеубердінің Иранның көлік және қала құрылысы министрі Мухаммед Исламимен және ауыл шаруашылығы джихады министрінің орынбасары Иаздан Сейфпен кездесулері болды.
Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы және болашағы, оның ішінде көлік пен транзиттік әлеуетті дамыту, Иранға ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау және т.б. мәселелерді талқылады.
Аталған кездесулер қорытындысы бойынша, ирандық тараптың Бандар-Аббас және Амирабад порттарында Қазақстанның логистикалық орталықтар салуы үшін жер бөлуі бойынша уағдаластықтар жасалды. Бұл орталықтар Иран аумағы арқылы Парсы шығанағы елдерінің нарығына отандық тауарларды экспорттауға мүмкіндік береді.
Тараптар жақын аралықта Нұр-Сұлтан қаласында қазақстан-иран Үкіметаралық комиссияның 16-шы отырысын өткізуге қызығушылықтарын қуаттады.
Айта кетсек, Қазақстан мен Иран арасындағы екіжақты тауар айналымының көлемі 2018 жылы 516,309 млн АҚШ долларын құраған.