Шетелдік ұйымдар демократиялық қағидаттарды желеу етіп, жымысқы саясатын іске асыруы мүмкін – Депутат

Осы тақырыптағы депутаттық сауалын Еділ Жаңбыршин Премьер-министрге жолдады. 

Шетелдік ұйымдар демократиялық қағидаттарды желеу етіп, жымысқы саясатын іске асыруы мүмкін – Депутат Фото: t.me/mazhilis_kz

Халық қалаулысы Мемлекет басшысының өзі еліміздің ішкі саясатына тікелей араласқан сыртқы күштердің жұмысын сынға алып, жұмысына мін таққанын айтып өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

– Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде: "Жаһандану үдерісінің мән-маңызы жоғалып барады. Мемлекеттік ұлтшылдық, ықпал жүргізетін аумақтарды бөліске салу, әлемдік саясатта аймақтарға бөліну үрдісі алдыңғы қатарға шықты" деді.

Өйткені, геосаясаттағы доминант мемлекеттер өзінің жеке мүддесі мен саяси ықпалын жүргізіп қана қоймай, оны іске асыру үшін әртүрлі әдіс-тәсілді пайдаланып келді. Мысалы, мемлекеттердің ұлттық құндылықтарын жоюға бағытталған әсірефеминистік, ЛГБТ, эмо және басқа да субъмәдениеттік қозғалыстар арнайы, жоспарлы түрде миллиондаған АҚШ долларымен қаржыландырылды.

Одан қалса, олар ұлтараздық пен діни алауыздықты, сепаратизм мен трайбализмді біздің саяси күн тәртібімізге енгізуге күш салды. Мұны Президент Құрылтайда "халықаралық үкіметтік емес қорлар мен ұйымдар көптеген елдің ішкі ісіне негізсіз араласты" деп қадап айтты, – деп еске салды депутат.

Соңғы уақытта АҚШ-тың билігі өз ішкі және сыртқы саясатын қайта қарап жатыр. Тіпті, АҚШ-тың Конгресінде Халықаралық даму агенттігінің, яғни USAID-тің жұмысы тоқтатылатыны туралы ақпарат бар.

– Соңғы он жылдықта Қазақстанның ішкі саясатына ықпал ету үшін USAID-тен 150 млн доллардан астам қаражат бөлініпті. Осындай ұйымдар демократиялық қағидаттарды желеу етіп, жалаң ұранмен "жұмсақ күш" арқылы өзінің жымысқы саясатын іске асыру үшін өзге мемлекеттерге қанша қаражат бөлгенін елестетіп көріңіз. Мысалы, Қиыр Шығыстағы, Орталық Азиядағы, Африкадағы, Еуропадағы бірқатар дамушы елде билікке қарсы төңкерістер ұйымдастырылғаны белгілі, – деп сөзін жалғады Еділ Жаңбыршин.

Халық қалаулысының сөзінше, оларға Қазақстанның жақсарғаны емес, шайқалғаны керек болуы ықтимал. Себебі, өзінің жеке басының пайдасына, яғни "гуманитарлық бизнестеріне" қаржы керек.

– Бурабайда Президент мырза өз сөзінде: "шетелдегі жағдайды үнемі ескеріп отыру маңызды. Бірақ біз алдымен өз еліміздің ішкі мәселелеріне ден қоюымыз керек. Біз ұлттық мүддемізді қорғау үшін алдағы уақытта да ұтымды әрі байыпты әрекет етеміз" деп нақты тапсырма берді.

Осы ретте, біріншіден, Қазақстанда ішкі саясатты іске асыратын, оның бағыт-бағдарын анықтайтын билік институттары бар.

Екіншіден, еліміздің ішкі ісіне, ұлттық идеологиясына, рухани-мәдени дүниетанымымызға, яғни ішкі саясатымызға сыртқы күштердің араласуына жол бермейміз және заң аясында батыл жауап береміз, – деді ол.

Бүгінде АҚШ, Қытай, Ресей сияқты алпауыт мемлекеттер ішкі саясаттарына өзгелердің араласуына жол бермейтін заң қабылдаған. Депутат осыған байланысты Үкімет тез арада бірнеше мәселені қолға алуы керек деп есептейді.

Олар:

Ең алдымен, Қаржы министрлігі мен тиісті мемлекеттік органдарды іске қосып, еліміздің ішкі саясатына араласуға бағытталған сырттан құйылған қаржыны анықтап, тиісті шара қабылдау;

Шетелден қаржыландырылатын ұйымдардың қызметін реттейтін қолданыстағы заңнаманың тиімділігіне талдау жүргізу;

Сондай-ақ, шетелдік гранттар арқылы қаржыландырылатын жобалар мен ұйымдардың қызметін бақылау және реттеу механизмдерін жетілдіру.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу