"Алдын ала жасалған қорытындыға сүйенсек, жергілікті жолдардың жағдайы Маңғыстау (95%), Жамбыл (95%) және Алматы (91%) облыстарында жақсы. Ал сапасы көңіл көншітпейтіндей жолдар Батыс Қазақстан (39%), Ақтөбе (66%) және Атырау (70%) облыстарына тиесілі", - деп атап өтті комитет өкілдері.
Ақпаратқа сәйкес, биыл 4,6 мың шақырымдай жергілікті автожол жөндеудің барлық түрімен қамтылып, оның 2,6 мың шақырымында тиісті жұмыстар аяқталды. Бұл мақсатқа 372 млрд теңге бөлінді.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің дерегінше, елімізде өңірлердің ішіндегі жол инфрақұрылымын дамыту үшін 486 жоба жүзеге асырылуда, соның 391-і бойынша күрделі және орташа жөндеу жұмыстары қолға алынған. Ал, жаңғырту мен тұтастай құрылысқа байланысты 95 жоба іске асырылып келеді. Жыл соңына дейін автомобиль жолдарын жөндеуге байланысты 164 жобаны, жол салу және жаңғырту бойынша 6 жобаны аяқтау жоспарланған.
"СҚО-дағы Лавровка-Чкалово автомобиль жолының 160-168 шақырымдай аралығын жаңғырту мен Қызылорда облысындағы Әйтеке би-Басықара аудандық маңыздағы көлік жолындағы көпірді жөндеуге байланысты жұмыстар аяқталуға жақын. Бұдан бөлек Шымкенттегі шығыс айналма жолында жүргізіліп жатқан құрылыстың бірінші кезеңі аяқталып қалды", - деді Автомобиль жолдары комитетінің өкілдері.
Сонымен қатар елдегі жергілікті жолдар желісінің нормативтік жағдайын жыл соңына дейін 85%-ға жеткізу жоспарланған көрінеді.