Қазақстанның он жер учаскесін барлау мен өңдеуге аукцион жарияланды

5588

Бұл жерлердің қомақты бөлігі Атырау облысына тиесілі.

Қазақстанның он жер учаскесін барлау мен өңдеуге аукцион жарияланды

Бұл жерлердің қомақты бөлігі Атырау облысына тиесілі. Елімізде Энергетика министрлігінің алғаш рет өткізгелі отырған жерді өңдеу мен барлауға байланысты онлайн-аукционында сатылатын жер аймақтарының басым бөлігі Атырау облысына тиесілі.

Атап айтқанда, бұл жерлер: Сағыз, Қарабау, Забурын, Бегайдар, Дереш, Балқұдық, Бестерек, Үштаған, Қошалақ және Сарайшық учаскелері. Бұдан бөлек, Ақтөбе мен БҚО-дан да аукционға қойылған жер учаскелері бар. Қазіргі күні 29 мың шаршы метр болатын жер аумағын игеруге отыздан астам тұлға ниет білдіріпті.

Айта кетейік, сауда-саттыққа қатысу үшін қол қою бонусы 20 миллион теңгеден басталады, ал жалпы мөлшері – 400 миллион теңге.   Аталған аймақтар мұнай-газ кеніне бай деп есептеледі. Алайда онда қандай және қанша қордың бар екендігін жерді иелену құқығын иемденгендер зерттеп біле алады. Заңға сәйкес, егер пайдаланушы алған учаскесінен шикізат қорын тапса, ол бөлік мемлекет теңгеріміне алынып, иесіне оны өндіруде басым құқық беріледі. Барлау мен өндіруге арналған келісімшарттар жұмыс түріне қарай 6 жылдан 25 жылға дейін беріледі.  

"Бұл шарадан көретін пайдамыз көп. Біріншіден, геология саласындағы дағдарысты қалпына келтіріп, дамытуға мүмкіндік туады. Екіншіден, қосымша салық, жаңа жұмыс орындары, шағын және орта бизнесті дамыту арқылы ел экономикасына оң әсерін тигізеді", – дейді "Атамекен" ҚО ҰҚП ресми өкілі Асылбек Жәкиев. 

Аукционды өткізу мерзімі 23 желтоқсанға белгіленген. Өтініш 29 қарашаға дейін қабылданбақ. Нақтылай кетейік, қатысушы ұтысқа қойылған жерді барлау және игеру құқығын ғана пайдалана алады, бұл жер оның жеке меншігіне беріледі дегенді білдірмейді. 

Құралай Қуатова Фото: uralskweek.kz

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу