Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясат доктринасы – дипломатиялық стратегиямыздың негізі

273

Еліміздің дипломатиялық бастамалары халықаралық деңгейде өз нәтижесін беріп отыр.

Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясат доктринасы – дипломатиялық стратегиямыздың негізі Фото: abai.kz / ЖИ

"Қытайды зерттеушілер қауымдастығы" төрағасы, PhD докторы Қазбек Майгельдинов Қазақстанның сыртқы саясатында экономикалық дипломатия өте маңызды екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясат ұстанымы қазіргі геосаяси жағдайда қаншалықты тиімді болып отыр?

Еліміздің көпвекторлы сыртқы саясат доктринасы Тәуелсіздік алған жылдан бері біздің дипломатиялық стратегиямыздың негізі болып келеді. Әрине, әлемдегі геосаяси үрдістер өзгерген сайын көпвекторлы саясаттың қандай да бір тұстары бір деңгейге көтеріліп отырады. Мәселен, 2022 жылғы Ресей-Украина соғысынан кейін біздің көпвекторлық саясатымыз жаңа, сапалы деңгейге көтерілді деп айтсақ болады. Себебі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көпвекторлы формальды теңгерімділіктен стратегиялық прагматизмге эволюция жасады. Бұл не деген сөз? Мысалы, Президент 2024 жылы еліміздегі сыртқы саясатта теңгерімді прагматикалық сыртқы саясат жүргізу бұл Қазақстанның ұлттық мүдделерін қорғауға мүмкіндік беретінін және бұл тәсілге балама жоқ екенін атап өткен болатын. Сондықтан әрине қазіргі геосаяси турбуленттік кезінде басты біздің алға қоятын мақсатымыз да, мүддеміз де бұл бірінші кезекте еліміздің қандай да бір күштерге немесе қандай да бір бағыттарға басымдық бермей, керісінше екіжақты қарым-қатынаста, одан бөлек халықаралық ұйымдар аясында қандай да бір жақты қолдамай, өзінің мүдделеріне сай саясатты жүргізу. Осы тұста көпвекторлы дегеніміз таңдаудан қашу емес, ол біздің осынау құбылмалы әлемдегі белгілі бір сақтандыру. Жаһандағы болып жатқан жағдайларды қарап отырсақ, бұл жерде ең бастысы теңгерімдік саясатты одан әрі ұстану.

Аймақтағы геосаяси шиеленістер еліміздің сыртқы саясатына қалай әсер етіп жатыр?

Аймақтағы геосаяси шиеленістерге келсек, Ресей-Украина соғысы бойынша біз өзіміздің нақты позициямызды айттық. Мысалы, 2022 жылғы Санкт-Петербург қаласындағы экономикалық форумда Мемлекет басшысы Ресей жариялаған квазимемлекеттік құрылымдарды тану мүмкін емес деп ашық мәлімдеді. Одан бөлек біз БҰҰ Бас ассамблеясында қандай да бір жақты қолдау не қолдамау бойынша дауыс беруден нейтралитет сақтадық. Таяу Шығыс қазіргі таңда "өртеніп" тұр. Біз, мысалы, Палестина мен Израиль арасындағы Газа мәселесінде Палестинаның мемлекеттік құқығын және екі мемлекеттің ортақ мәмілеге келу шешімін қолдайтынымызды мәлімдедік. Қазір Иран мен АҚШ, Израиль арасындағы қақтығысты Қазақстан ғана емес, бүкіл әлем бақылап отыр. Аймақтық соғыстан одан да ірі соғысқа айналып кетпеуіне барынша тосқауыл ретінде екіжақты да келісімге шақыру немесе белгілі бір мәмілеге келуін әлем бақылап отыр. Оның әсері қандай дегенге келсек, тек қана Қазақстан емес, бүкіл әлемге кері әсер тигізуі мүмкін. Бұл экономикалық тұрғыдан болсын, мұнай бағасының өсуі, басқа да салаларда бағаның өсуі дегендей. Босқындар мәселесі бар. Сондықтан, әрине, Таяу Шығыстағы мәселе жанама тек аймақ елдеріне ғана емес, жалпы әлем елдеріне және олардың экономикасы кері әсерін тигізетіні сөзсіз.

Еліміздің дипломатиялық бастамалары халықаралық деңгейде қаншалықты нәтижелі деп ойлайсыз?

Қазақстанның дипломатиялық бастамалары сөзсіз халықаралық деңгейде нәтижелі. Мысалы, қазіргі таңда Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес 1992 жылы Қазақстанның  бастамасымен құрылған. Осыдан екі жыл бұрын жаңа деңгейге көтерілді. Яғни, АӨСШК-ні диалог алаңынан толыққанды халықаралық ұйымға айналдыру процесі қазір жүріп жатыр. Мүшелікке 28 мемлекетке дейін кеңейтілді. Астанада кеңестің штаб-пәтері салынып, қазір іске қосылып жатыр. Одан кейін Сириядағы бейбіт келіссөздер мәселесіне байланысты 2017 жылы Қазақстан келіссөздер жүргізу үшін негізгі алаң ретінде Астана процесін ұсынды. нәтижесінде сәтті келіссөздер өтті. Кейіннен бұл Сириядағы мәселені шешуге өз әсерін тигізді. Бұдан бөлек еліміздің БҰҰ платформасымен ядролық дипломатиясын ұмытпау керек. Біз ұйымның Бас ассамблеясына белсенді қатысушымыз.

Қазақстанның Орталық Азиядағы көшбасшылық рөлі қаншалықты артып келеді?

Еліміз Орталық Азия бойынша экономикалық көшбасшы. Жалпы ішкі өнім көрсеткіші бойынша да, инвестициялық әлеуеті жағынан да аймақтағы мемлекеттердің ішінде алдыңғы қатарында тұрған ел. Алдағы уақытта да бұл артатын болады деп ойлаймын. Қазір Қазақстан Өзбекстанмен стратегиялық тандем құрып келе жатыр. Екі ел арасындағы қарым-қатынас стратегиялық серіктестік деңгейінде дамуда. Тәжікстан, Түрікменстан, Қырғызстан мемлекеттерімен де қарым-қатынас бізде өте жоғары деңгейде. Осыдан екі жыл бұрын Қырғызстан, Қазақстан, Өзбекстан "Қамбар ата-1" гидроэлектр стансасын бірлесіп салу туралы тарихи келісімге қол қойды.

Экономикалық дипломатия республикамыздың сыртқы саясатында қандай рөл атқарады?

Экономикалық дипломатия біз үшін өте маңызды. Транскаспий халықаралық көлік дәлізі Қазақстанның экономикалық дипломатиясының ең маңызды жетістігі деп айта аламыз. Бүгінгі таңда контейнерлік тасымалдау, жеткізу мерзімі жағынан Орта дәліздің рөлі артып келеді. Бұдан бөлек Орта дәлізді дамыту бойынша инфрақұрылымдық инвестициялар қарқынды жүргізіліп жатыр. Мысалы, Ақтау мен Құрық порттары жаңартылды. Елде құрғақ порттарды салу бойынша, Қытай мен Қазақстанның шекарасында бекеттерді жаңарту бойынша жасалынып жатқан жетістіктер бар. Еліміз тікелей инвестициялық тартымдылық бойынша ең жоғарғы көрсеткіштерге ие мемлекет. Бізде Түркиямен, Парсы шығанағы елдерімен, Қытаймен, Ресеймен, АҚШ-пен, Еуроодақпен қарым-қатынас жалпы осы инвестиция тарту бойынша басымдық беріліп жатыр. Одан кейін Астана халықаралық қаржы орталығын дипломатияның институционалды тірегі деп қарастыруымызға болады. Қазір әлемде ең маңызды минералдар мен уран дипломатиясы Қазақстанға экономикалық, энергетикалық басымдық беріп отырғандай.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу