Қазақстанның қоржынында екі алтын медаль бар

31467

Алматыда үстел теннисінен халықаралық жасөспірімдер турнирі мәресіне жетті.

Қазақстанның қоржынында екі алтын медаль бар Фото: Максим Морозов

"WTT Youth Contender Almaty" халықаралық рейтингтік турнирінің финалдық күнінде қазақстандық спортшылар екі алтын медаль иеленді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

11 жасқа дейінгі ұлдар арасында жарыстың үздік теннисшісі шымкенттік Абай Жұмағұл атанды, ал осы жас санатындағы қыздар арасында қостанайлық Жәния Бекмұхамбетова басым түсті.

Бұдан бөлек Алматыда өткен турнир нәтижесі бойынша ең кіші санатта өнер көрсеткен Дулат Ералхан мен Олег Яковлев екі қола жүлде ұтып алды.

Былтырғы жеңілісінен соң Жәния Бекмұхамбетова "WTT Youth Contender Almaty" турнирінде жеңіске жету үшін жақсы дайындалып, барын салды.

"Мен үшін бұл осындай ауқымдағы және деңгейдегі екінші жарыс, Моңғолиядан келген қарсыласты жеңгеніме қуаныштымын. Ендігі басты мақсатым – Олимпиада ойындарында жеңіске жету", – деді Қостанайдан келген спортшы.

Осыдан алты жыл бұрын Абай Жұмағұл үстел теннисінде өзінің алғашқы жаттығуларын бастады, кішкентай чемпионның алғашқы жаттықтырушысы әкесі болды. Табанды еңбектің арқасында бұл маусым Абай үшін өте сәтті болды.

Бір жарым ай бұрын ол бірден республикалық турнирдің төрт алтын медалін – жекелей және командалық есепте, сондай-ақ жұптық санатта және аралас жұптар арасында жеңіп алып, Қазақстан чемпионы атанды.

"Әрине, менің басты мақсатым – Олимпиадада жеңіске жету, алайда әзірге өзім қатысатын әрбір турнирде жеңіске жетуге тырысатын боламын", – деді Абай.

15 жасқа дейінгі қыздар арасындағы финалда Тайбэйден келген Ин-Сюань жеңіске жетті, ол үнді теннисшісі Анколика Чакрабортиден басым түсті. Осы санатта жігіттер арасындағы бәсекеде өзбек спортшысы Темірбек Нұрмоновты жеңген тайбэйлік теннисші Хун Бин-Ю үздік атанды.

19 жас ұлдар санатында финалдық кездесу ирандық теннисші Навид Шамс пен Тайбэй спортшысы Хунг Цзин-Кай арасында өтті. Тартысты кездесудің нәтижесі бойынша 3:1 есебімен ирандық спортшы жеңіске жетті.

Қазақстанда екінші рет өткізіліп отырған "WTT Youth Contender Almaty" халықаралық турнирі еліміздің жас теннисшілеріне үлкен мүмкіндіктер ашты, деді жарысты қорытындылаған ҚР Үстел теннисі федерациясының бас хатшысы Данил Пак.

"Егер халықаралық жарыстарда Қазақстаннан тыс жерлерде ел атынан ең көп дегенде 12 теннисші, оның ішінде алты ұл мен алты қыз өнер көрсетсе, мұнда турнир иелерінің құқығында 90-ға жуық спортшы қатысып жатыр. Біз спортшыларымызға өнер көрсетуге, дүние жүзінің ең үздік жас теннисшілерімен бәсекелесуге мүмкіндік береміз. Себебі нәтиже, спортшылардың дамуы, оның спорттық шеберлігінің артуы осындай жоғары деңгейлі халықаралық жарыстарда болады. Сондай-ақ, бұл турнирді Қазақстанда өткізу жаттықтырушыларымыз бен төрешілерімізге баға жетпес тәжірибе береді", – деп атап өтті Даниил Пак.

Турнирдің бас серіктестері – "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ, "Sport Qory" туризм және спорт индустриясын қолдау қоры.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу