Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы Грекияда Еуропалық жария құқық ұйымы және Еуропалық құқық және басқару университетімен ынтымақтастық туралы бірқатар келісімге қол қойды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Академия ректоры Нұрғалам Әбдіров жұмыс сапары барысында Еуропалық жария құқық ұйымы (EPLO) Директорлар кеңесінің отырысына қатысып, ұйым басшылығы және Еуропалық құқық және басқару университетінің (ELGU) өкілдерімен келіссөздер жүргізді.
Кездесулер қорытындысы бойынша Академия EPLO-мен Өзара түсіністік туралы меморандумға, ал ELGU-мен Ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Құжаттар бірлескен білім беру, ғылыми-зерттеу және сараптамалық жобаларды дамытуға бағытталған.
Сонымен қатар Академия базасында EPLO Өңірлік орталығын құру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Орталық бірлескен зерттеулер жүргізуге, халықаралық және гранттық жобаларға қатысуға, сондай-ақ құқық қорғау және мемлекеттік органдар қызметкерлерін даярлау мен қайта даярлауға бағытталады.
Келіссөздерде киберқауіпсіздік, жасанды интеллектіні пайдалану және трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударылды.
ELGU-мен ынтымақтастық аясында қос дипломды білім беру бағдарламаларын іске қосу, академиялық ұтқырлық пен тағылымдамаларды ұйымдастыру туралы келісілді. Сондай-ақ Академияның 20 магистранты мен докторантын тағылымдамадан өткізу жөнінде уағдаластық жасалды.
Тараптар бірлескен зерттеу топтарын құру және Академия базасында ELGU филиалын ашу мүмкіндігін де қарастырды.
Жаңа келісімдер Академияның халықаралық ынтымақтастығын кеңейтіп, бірлескен зерттеулер мен білім беру жобаларын жүзеге асыруға, тәжірибе алмасуға және шетелдік сарапшыларды тартуға мүмкіндік береді.