Қазақстанның Қытаймен тауар айналымы бір жылда 1,5 есе өсті, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы finprom.kz-ке сілтеме жасап.
Биыл қаңтарда Қазақстанның Қытаймен тауар айналымы 1,4 млрд долларға жетті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 53,4%-ға артық.
2022 жылғы бірінші айда Қытайға экспорт көлемі импорт көлемінен асып түсті. Экспорт бір жылда 77,9% немесе 771,7 млн долларға дейін өсті. Қазақстаннан экспортталатын барлық тауардың көлеміндегі Қытайдың үлесі – 12,7%.
Импорт 31,8% немесе 648,5 млн долларға өскен. ҚХР-дың үлесі – 23,8%.
Қазақстан резиденттерінің қытайлық инвесторлар алдындағы міндеттемесі – 2021 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 13,5 млрд доллар болды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 0,4%-ға артық. Көрсеткіш екі жылдық құлдыраудан кейін өскен.
Сондай-ақ еліміздің тауар айналымы құрылымындағы Қытайдың үлесі – 16,1%.
Былтыр қазанда қытайлық инвесторлар қаражаттың көп бөлігін еліміздегі өңдеу өнеркәсібі саласына құйған (2,8 млрд доллар, бір жылда плюс 2,2%).
Танымал салаларға көлік және қойма (2,6 млрд доллар, бір жылда минус 21,5%), сауда, көлік жөндеу (2,1 млрд доллар, бір жылда плюс 20,3%) енді.
2021 жылғы қаңтар-қыркүйекте қытайлық инвесторлар құйған тікелей инвестиция 1,5 млрд доллар болды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,9 есе көп.
2020 жылғы ұқсас кезеңде Қытайдың тікелей инвестиция бір жылда 57,7% немесе 521,8 млн долларға азайды.
2022 жылғы 1 наурызда Қытайдың қатысуымен жұмыс істеп тұрған 1,5 мың компания тіркелді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 17,4% артық.
Мұндай компаниялардың көпшілігі көтерме және бөлшек сауда, көлік жөндеу, құрылыс және тау-кен өнеркәсібінде жұмыс істейді. Үздік бестікке өңдеу өнеркәсібі, ғылыми және техникалық қызмет енді.
Дәурен Ерболат