Қазақстанның мемлекеттік облигациялары халықаралық индекске енуі мүмкін

311

7 қазанда халықаралық инвестициялық банк J.P. Morgan Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына Index Watch-Positive мәртебесін берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.  

Қазақстанның мемлекеттік облигациялары халықаралық индекске енуі мүмкін Фото: toppress.kz

Бұл ел облигацияларының кейін дамушы нарықтардың мемлекеттік облигацияларына арналған GBI-EM индексіне қосылуы мүмкін екенін білдіреді.

GBI-EM – ұлттық валютадағы мемлекеттік облигациялар үшін негізгі халықаралық индекстердің бірі. Оны институционалдық инвесторлар инвестициялық портфельдерін қалыптастыру кезінде кеңінен қолданады.

Ұлттық банктің мәліметінше, бұл шешім Қазақстанның жаһандық қаржы нарығына интеграциялануындағы маңызды қадам. Жұмыс Қаржы министрлігімен бірлесіп жүргізіліп, мемлекеттік бағалы қағаздарды халықаралық индекстерге енгізу, нарық инфрақұрылымын жетілдіру және шетелдік инвесторлардың жергілікті борыш нарығына қолжетімділігін арттыруды көздейді.

J.P. Morgan бағалауынша, Қазақстан GBI-EM Global Diversified индексіне енгізілген жағдайда, оның индекс ішіндегі үлесі шамамен 0,48% болуы мүмкін. Бұл ретте Қазақстан Қытай, Үндістан, Индонезия және Мексика секілді елдермен қатар индекске енеді деп күтіледі.

Банк Қазақстанның борыш нарығындағы оң өзгерістерді де атап өткен. Атап айтқанда, мемлекеттік бағалы қағаздардың өтімділігін арттыру, қайталама нарықты дамыту және бастапқы дилерлер институтын енгізу шаралары оң бағаланған. Жыл басынан бері қайталама нарықтағы сауда-саттықтың орташа айлық көлемі 86%-ға өскен.

Сонымен қатар нарықтағы ақпараттың ашықтығын арттыру үшін Capital Markets Kazakhstan порталы іске қосылып, шетелдік инвесторларға арналған Қазақстанның облигациялар нарығы бойынша арнайы нұсқаулық әзірленген. Қазақстанның ASEAN+3 Bond Market Forum жұмысына қатысуы да аталған бастамалардың қатарында.

Алдағы кезеңде халықаралық есеп айырысу және депозитарлық инфрақұрылымды дамыту негізгі бағыттардың бірі болып қала береді.

Index Watch-Positive мәртебесі аясындағы бағалау 12 айға дейін жалғасады. Осы кезеңде J.P. Morgan нарықтың өтімділігін, шетелдік инвесторлардың қолжетімділігін және есептік-депозитарлық инфрақұрылымның даму перспективаларын зерделейді.

Ұлттық банктің пікірінше, бұл мәртебе Қазақстандағы реформалардың халықаралық деңгейде оң бағаланғанын көрсетеді. Сонымен қатар ол шетелдік инвестиция тартуға, инвесторлар базасын кеңейтуге және мемлекеттік бағалы қағаздар нарығын одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу