Қазақстанның кейбір мұнай өңдеу зауыттары АИ-95 бензинін өндіре бастады. Бұл туралы Астанада өткен баспасөз мәслихатында "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ-ның мұнай маркетингі, тасымалдау және өңдеу бойынша вице-президенті міндетін атқарушы Данияр Тиесов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"92-ші бензиннің өңірлердегі қоры шамамен 200 тоннаны құрайды, бұл әзірге бензин жағдайы қалыпты деп айту үшін жеткілікті. Қазақстандағы 92-ші бензинді тұтынудың тәуліктік нормасы - 10 мың тонна. Еліміздегі үш мұнай өңдеу зауытынан күніне 8,5 мың тонна бензин алынады және тәулігіне 3-4 мың тонна бензин импортпен жеткізіледі", - деді Данияр Тиесов.
"ҚазМұнайГаз" өкілі АИ-95 маркасына қатысты жағдай өзгеше екенін атап өтті.
"95-ші бензин бойынша жағдай сәл қиындау, кей өңірлерде шектеу қойылды және ОҚО, ШҚО, Алматы және Қызылорда облыстарында карталар мен талондар бойынша сатылып жатыр. Қалған өңірлерде шектеу жоқ. Қазақстан бойынша АИ-95 бензинінің 14,5 мың тонна қоры бар, бір айға шамамен 20 мың тонна қажет", - деп атап өтті ол.
Сол себепті, компания өкілдерінің айтуынша, қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарының бір бөлігі АИ-95 маркасын шығаруға көшкен.
"Дизельді отын бойынша биыл шамамен 168 мың тонна қорымыз бар. Тұтас республика бойынша жанар-жағармай материалдары жағдайы тұрақты", - деп толықтырды өз сөзін Данияр Тиесов.