Қазақстандық оқушы халықаралық ағылшын Олимпиадасында 1-орынды жеңіп алды

141

Қазақстан ағылшын тілінен әлемдегі беделді Халықаралық KGL Contest (Kangaroo Global Linguistics) Олимпиадасында 40-тан астам ел ішінде 1-орынды ұтып алды. 

Қазақстандық оқушы халықаралық ағылшын Олимпиадасында 1-орынды жеңіп алды Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Финалда ағылшын тілінің ең жоғарғы деңгейі B2 бойынша 1-орынды Алматы қаласындағы №23 мектеп-гимназия оқушысы Дария Насимуллина иеленді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

KGL Contest – 8 бен 17 жас аралығындағы оқушыларға арналған ағылшын тілінен халықаралық Олимпиада. Биыл финал 2-4 қазан аралығында Грекияның Салоники қаласында өтті. Байқауға әлемнің 40-тан астам елінен қатысушылар келді.

Қазақстаннан 2 691 оқушы бақ сынап, бірнеше кезеңнен соң 530 бала келесі турға өтті. Ақтық сынға 4 оқушы жолдама алды. Нәтижесінде Дария Насимуллина ағылшын тілінің ең жоғары деңгейі бойынша жеңімпаз атанды.

"Мен үшінші орын аламын деп ойлаған едім. Бірақ бірінші орын алғанымды естігенде өз көзіме өзім сенбедім", – деді Дария.

Оның ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Сағыныш Райбекова да шәкіртінің жетістігін еліміздің үлкен жеңісі деп атап өтті.

Финалда басқа да қазақстандық оқушылар жүлделі орындарға ілікті. Астана қаласынан Алпысбай Әли А2 деңгейі бойынша, Алматы қаласынан Төленбай Таңат B1 деңгейі бойынша жоғары ұпай жинады. Қызылорда қаласының оқушысы Бақытжан Жасмин А1 деңгейінде сертификат иегері атанды.

Халықаралық ұйымдастырушылар Қазақстан оқушыларының алғашқы қатысуынан-ақ ең жоғарғы деңгейде жеңіске жеткеніне таңданыс білдірді.

Жеңімпаздарға медаль, сертификаттар мен сыйлықтар табысталды. Балалар олимпиададан бөлек Грекияның тарихи орындарын аралап, жаңа достар тапты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу