Алматыда Вице-Президент Ерлан Қарин Ислам әлемінің білім, ғылым және мәдениет ұйымының (ИСЕСКО) бас директоры Салим Әл-Маликпен кездесті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Кездесу барысында тараптар әл-Фараби мен Қожа Ахмет Ясауи мұрасын ғылыми тұрғыдан зерттеу және халықаралық деңгейде насихаттау мәселелерін талқылады.
Ерлан Қарин ИСЕСКО-ның Түркістан қаласын 2027 жылғы Ислам әлемінің мәдени астанасы деп жариялау туралы шешіміне тоқталып, ұйым басшысына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғысын жеткізді.
Сондай-ақ Түркістанда бірлескен мәдени іс-шаралар өткізуге дайындық мәселелері қаралды.
Вице-Президент жаңа Конституцияда адам капиталын дамыту, білім, ғылым және инновацияларды ілгерілету елдің стратегиялық басымдығы ретінде бекітілгенін атап өтті.